"Қолдан құралатын құрақтың бағасы қымбат болуы керек" - тігінші келіншек

0
4 444

"Әр үйде кемінде бір жұп құрақ көрпе болуы тиіс. Құрағы бар үйде дүние құралады."


Қолына ине ұстап тігіс тікпейтін қазақтың қыз-келіншегі кем де кем болса керек. Бірақ құрақ құрауды кез келген жан игере қоюы екіталай. Себебі мата қиындыларын үйлестіріп, қиюластыра отырып әдемі дүние жасап шығару асқан төзім және епті болуды қажет етеді.


Құрақ құрау өнері қазақ халқының ертеден келе жатқан қарапайым, қайталанбас қолөнерінің бірі. Құрақтан жасалған көрпешені сыйлы қонақтың астына салып, басы құралсын деген ырыммен қыз жасауына қосқан.


Сондай-ақ баласы шетіней берген отбасыда "тіл-көзден аман болсын” деген ырыммен қырық құрақ құрап, баланы соған ораған деген де сенім бар ел арасында.


Қазіргі кезде үй интерьерінің бір бөлшегі - ою мен құрақтар сәнге айналған. Сондықтан болар ата-бабамыздың қайталанбас қолөнерін кәсіп етіп табыс табушылар қатары көбейіп жатқандығы қуантады. Сондай жандардың бірі – Түлкібас ауданының келіні Гүлжан Әбілаханқызы.



Тігіс тігуге кішкентайынан құмартып өскен келіншек бүгінде ауыл ішінде «тігінші келін» атанып та үлгеріпті. Тек ауыл айналасы ғана емес, алыс-жақын таныстар мен солардан естіген жандар да киімге, құрақ көрпешелер мен перделерге тапсырып беріп жатады екен.

Гүлжан қазіргі кезде құрақ көрпеше мен жастық тарға сұраныстың көп екенін айтады. Көпшілік заманауи үлгіде тігілген құрақтарды қыз жасауына және арнайы үйге арнап тіктіретін ұқсайды. Өнерлі келіншектің сөзінше тапсырыс беретіндер көп ретте көрпешенің түр-түсін бөлмесінің немесе перденің түсіне үйлестіріп таңдап жатады екен. Сондай-ақ тек қана көрпешелер ғана емес, қазіргі кезде жұмсақ жиһаздың бетін де құрақпен жауып қою сәнге айналған.

Құрақтың түр-түрін тігетін келіншек оны ғаламтордағы видеолардан үйренгенін айтады. Ал құрақ құрайтын матаны арнайы тапсырыспен емес, кәдімгі базардан, тапсырыс берушінің таңдауына қарай аламын дейді.

Қазір көпшілік «ши» құраққа құмар екен. Оның жұмысы өте қиын болғанымен табысы да соған сай жоғары жүреді.


"Бір құрақ көрпешенің бағасы жастықпен бірге 10 мыңнан жоғары. Қолдан құрайтын құрақ бағалы, себебі онда көз майын тауысатын қаншама еңбек жатыр. Көпшілік базардағы құрақтың бағасына қызыққанымен сапасына көңілдері толмай жатады. Оның үстіне көп ретте олардың өлшемі де тура шықпайды. Негізі құрақ құрауға бұрын барқыт маталары таңдалса, қазір көбіне велюр, "шторный" велюр, жылтыры аз (матовый) велюр деген маталардан тігеміз. Әрине мата мен құрақтың түрін әр тапсырыс беруші өз қалауына қарай таңдайды", - дейді Гүлжан.


Үйде отырып-ақ өзінің қызығушылығын кәсіпке айналдырып табыстың көзін тапқан келіншек, келешекте бұл ісін ары қарай дамытпақ ниетте.


«Негізі қасыңда ойыңа ой қосып, дамытып отыратын, ақылдасатын 2-3 адам алсаң тіптен жақсы. Сондықтан келешекте бұл істі кеңейтіп, арнайы көрпе тігетін және ою оятын құрылғылар алсам ба деген ойдамын», - дейді тігінші келіншек.


«Құрақ құрау үшін адамның өзінің қызығушылығы мен ынтасы және қолында тігін мәшинесі болса жеткілікті. Яғни қызығушылық болса, кәсіп етіп ақша таппасаң да өзің үшін түрлі дүниені жасап тастайсың. Ол үшін уақыт та табасың. Сондай-ақ құрақ құрай білсең, мата қалдықтарын ысырап етпей тиімді пайдаланасың», - дейді Гүлжан.


Гүлжан құрақтармен қатар тұсау кесерге арналған киім мен қажетті заттар, той бастардың түр-түрін тігеді. Өзі айтқандай матаның қиындыларын тиімді пайдаланады.

Егер бағасы тиімді, сапасы жоғары көңіліңіздегідей құрақ тіктіргіңіз келсе @gul170283 тапсырыс берсеңіз болады. Бір бөлмеге көрпеше, жастық тіпті пердесімен бірге немесе көп тапсырыс бергендерге қосымша ұсынар сыйлығы да бар екенін жасырмады ол.



Дайындаған: Э. Базарбаева,

ERNUR.KZ.


Тағы оқыңыз: Бұзылған азық-түлікті оп-оңай қалпына келтіруге болады.


Бөлме гүлдері СОЛЫП ҚАЛА БЕРЕ МЕ? Түбіне шаш көміңіз.