КҮЗ ПАТШАЙЫМЫ гүлінің күтімі қандай?

0
6 119

Хризантема – өте танымал сәндік гүлдердің бірі. Бұл гүлдің атауы латын тілінен аударғанда алтын деген мағынаны білдіреді екен. Қазақша – "бақытгүл" деп аталады.


КҮЗ ПАТШАЙЫМЫ гүлінің күтімі қандай?

Хризантема гүлі Қытай мен Жапония елдерінде үлкен танымалдылыққа ие. Ол гүл император гербінің бір бөлшегі болған. Хризантема гүліне амандық, ұзақ өмірге жетелеуші деген сеніммен қараған. Әрине хризантема гүл ашқанын көрген кезде кез-келген жанды жайлы, рахат сезімге бөлейтіні рас.


Ол күз айында гүлдеп алғашқы үсік түскенге дейін тұрады. Хризантеманың гүлдері ұсақ келеді, бірақ ол өте мол гүлдейді және оның көздің жауын алатын әр түрлі түстері мен сұрыптары бар. Хризантема гүлі сұрпына қарай 25 см мен ірілері 2,5 метрге дейін жетеді. Гүлдің сабақтары өте қатты, жапырақтары қою жасыл болып келеді.


Хризантема гүлін бақшаға өсіруге қызыққан жандар оның біржылдық және көпжылдық болып бөлінетінін білгені жөн.


Жоғарыда жазып кеткендей хризантема гүлінің сұрпы өте көп. Оның ең әдемі сұрыптарын гүл өсірушілер жылыжайларда баптайды. Ал бізде қазіргі кезде хризантема гүлінің шар тәріздес (глобус) түрі кеңінен танымал. Ендеше осы гүлді өсіру, баптау және жаңадан өсіріп бастағандарға қысқы маусымға қалай дайындау керектігі жөнінде аздаған кеңестер ұсынамыз.


Шар тәрізді хризантема – бұл жасанды жолмен алынған сұрып.

Өте нәзік, ұсақ бірақ мол гүлдейді. Бұл гүл мұқият күтімді қажет етеді. Шар тәрізді хризантеманы күзде міндетті түрде қосымша қоректендіріп, суықта өліп қалмас үшін қыста қымтау керек.


Шар тәрізді хризантеманы қысқы маусымға дайындау

Хризантеманың гүлдері қурап, жапырақтары сола бастаса, демек оны қысқы маусымға дайындайтын кездің келгені. Ол үшін:

  • Гүлді толықтай қарап шығу керек. Түбінде қандай да бір зиянкестер немесе ауру белгілері (қараю, дақтар) болмағаны дұрыс
  • Калий- фосфор тыңайтқышын беру қажет. Оны арнайы дүкен мен гүл сататын жерден алған жөн
  • Гүлді 10-15 см сабақ қалдырып қырқу керек
  • Кейде күз айы жылы болып, гүл қурап, сола қоймайды. Алайда ауа-райы түнде-1 градустан көтерілмей, осы жағдайда біраз уақыт қалатындай болса, онда гүлдің қурап солғанын күтпей қырқып тастау керек.

Алайда гүлді тек оңтүстік өңірлерде ғана далада өсіп тұрған жерінде қалдыруға болады. Бірақ соның өзінде, қыс маусымы жылы болса да гүлді қымтап қою керек. Ол үшін гүлдің түбіндегі топырақты қопсытып бетіне ағаш үгіндісін немесе өзінен қырқылған бұталарды, сабан сеуіп қояды. Қырқылған гүлдің сабақтары сынып қалмас үшін аздап қысып, жинақтап байлайды. Бетіне арша бұталарын тастап немесе кез келген мата емес материалмен жауып айналасын таспен бастырып қойған жөн.



Назарға алыңыз! Хризантема гүлі қатты ылғалды ұнатпайды. Оның тамыры бірден шіріп кетеді. Сондықтан егер гүлді далада қалдыратын болсаңыз, оған көктемде су жиналып қалмауын ескеріңіз. Хризантема гүлін биік жерге отырғызған жөн.


Қыста қар мол түсетін, қара суық аз болатын аймақта тұратындар хризантема гүлін қазып алып, бақшадан тереңдеу шұңқыр жасап сонда көміп қойғаны дұрыс.

Ол үшін тереңдігі 60 см ден кем емес шұңқырға гүл сабақтарын тамырымен жатқызып салып (2-3 гүл тамырынан көп болмауы керек) бетіне ағаш үгіндісін немесе құрғақ жапырақ толтырып салады.

Үстіне су өтпейтін шифер немесе темір қаңылтыр қалдығын қойып, оның үстінен пленка жауып таспен, ауыр затпен бастырып қояды.


Қысы қара суық аймақтар – хризантема гүлін қазып алып жертөле немесе балконда сақтағаны дұрыс.

- Ондағы температура +2 мен -7 ден түспеуі керек.

- Гүл тамырымен және топырағымен бірге қазып алынады. Дәл сол күйінде 2-3 күн ашық жерде құрғатылады.

- Гүлді сақтайтын ыдыс ағаш жәшік болғаны дұрыс. Ең астына бірінші гүлдің қырқып алған бұталарын немесе ағаш үгіндісін тастау керек. Оның бетіне аздап құрғақ топырақ салынды. Үстіне топырағымен бірге тамырлы гүл қойылады.

- Айына бір рет жертөледегі, балкондағы гүлдердің жағдайын қарап тұру керек. Егер тамыр жағы қатты құрғап қалса, онда аздап су бүркіп қойылады.

- Егер гүлді сақтаған жер тым жылы болса, онда бірден жаңа өскіндер пайда болады. Оларды қырқып тастау керек.


Хризантема өте сәнді және түсті гүлдер тобына жатады. Гүлді жаңа өсіріп бастағандар хризантеманың көпжылдық сұрпын таңдағаны жөн. Бұл гүл өзге гүлдер гүлдеп, қурап болғанда гүлдеп көздің жауын алады. Сол себепті де хризантеманы – күз патшайымы атап кеткен.


Дайындаған: Эльмира Базарбаева,

ERNUR.KZ



Тағы оқыңыз: Күзде отырған ЖЕМІС АҒАШЫ қыста ҮСІП КЕТПЕСІН десеңіз