Жас көшеттер тез өніп кетуі үшін аязды күндер басталмай тұрып әрекет ету керек.
Жеміс ағаштарының жас көшеттері өте әлсіз келеді. Сондықтан олар үшін ауа-райының кез-келген өзгерісі қауіп тудырады. Әсіресе әлі толықтай дұрыс қалыптасып үлгермеген жас көшеттер қосымша көмексіз қысты жақсы өткізе алмауы мүмкін.
Жас көшеттерге көмек беру үшін аязды күндер басталмай тұрып әрекет ету керек. Ендеше көшетті жаңадан еккен, бағбандықты жаңа бастаған жандарға қажетті кеңес ұсынамыз.
Қысқы мезгілде жаңа егілген жеміс көшеттеріне қандай зиян келуі мүмкін?
Тұрақсыз ауа-райы. Қысқы мезгілде кейде бірден 2-3 күн жылынып кететін кездер болады. Мұндай кездері ағаштар бүршік жара бастайды. Ал қайта бірден күн суытқанда ол бүртіктердің барлығы үсіп, ағаштың зақымдануына әкеледі.
Күн сәулесі. Ақпан айында күн сәулесі қыза бастайды. Дәл сол күн сәулесі жаңа, жас ағаштардың жұқа қабығын күйдіріп, сызаттар түсіреді.
Қардың аз болуы және аяз. Қардың көптігі ағаш тамырларын үсіп кетуден сақтайды. Сондықтан қары аз аязды күндердің көп болуы толық қатайып үлгермеген ағаш тамырларын үсітіп жіберуі мүмкін. Кейде шамалы аяздың өзі әлсіз ағаштарды үсітіп жібере алады.
Суық жел. Суық жел ағаштың жоғарғы жағын кептіріп, оңай сындырады.
Қалың қар. Қалың жауған қар жас ағаш бұталарын оп-оңай сындырып тастайды.
Жан-жануарлар. Азық іздеген қоян немесе тышқандар жа, жұқа ағаш қабығын кеміріп тастайды.
Жас көшеттерді мұндай қатерлерден қорғау үшін алдын-ала әрекет ету керек.
Қысқа дайындық - жалпы кеңес
Негізі жеміс ағаштарының барлығын қысқа дайындайды. Ал 5 жылға жетпеген жас көшеттерге дайындық міндетті түрде жасалуы керек. Дайындық күздің соңғы айларында жасалады.
Суғару. Күзгі айларда көшеттерді суғару біршама бәсеңдейді. Алайда мезгіл жаңбырсыз болса, онда қараша айында мол етіп бір рет суғарып қою керек.
Ағаш түбінің айналасын өңдеу. Жас көшеттің барлық жапырақтары толық түсіп болған соң, түбіндегі топырақтың бетін жапырақтар мен сынық бұталардан тазарту керек. Ағаштың түбі міндетті түрде қопсытылады. Бұл топыраққа ауа кіріп тұру үшін қажет.
Ағаш діңін нығайту. Ағаштың діңі мен бұталарын қатты жел мен қардан қорғау үшін оларды біріктіріп 2-3 жерінен байлау керек. Ал егер мұны істеуге уақыт болмаса, онда қыста сынып қалмас үшін бұталардағы қарды жиі сілкіп тұруға тура келеді.
Жабындау. Температура толықтай 0-ден төмен түскен соң, ағаш түбіндегі топырақты діңін жауып тұратындай етіп 20 см-ге қалыңдату керек. Ол үшін топырақты шөп, сабан немесе шымтезекпен жабындайды. Егер шымтезек төсейтін болсаңыз, онда оны ағаш діңін жауып тұратындай етіп төсеу керек. Ал шөп немесе сабанды, ағаш үгіндісін ағаш діңіне жеткізбей төсейді. Қыста бұл жабынның үстіне қарды қалыңдату керек. Мұндай тәсіл ағаш тамырын үсіп кетуден қорғайды.
Қымтау. Бұл жас көшеттер үшін өте маңызды кезең. Көшеттерді қымтау үшін дұрыс әрі жақсы материал таңдау керек.
- Арша немесе шыршаның бұталары. Бұл ағаштардың бұталары жас көшеттерді қысқы ауа-райынан жақсы қорғайды. Бұталарды ағашты айналдыра тізіп, түбін аздап топырақпен нығыздап қою керек. Қажет болса ортасынан жіппен байлап қоюға да болады.
- Мата қапшық немесе кез келген ескі киім мен маталар да жарайды. Жас көшеттің айналасына қада қағып мата немесе қапшықты соған орайды.
- Поролон немесе линолеум. Бұларды тек матаның жоғарғы жағын жабу үшін ғана пайдалануға болады.
Жас ағаштарды қымтау мезгілі
Ауа температурасы -5 тен көтерлмеген кезде ағашты қымтау қажет.
- Жас ағаштарды басына дейін қымтау керек.
- Егер ағаштың тамыры тереңге кетпейтін, яғни жайылып өсетін түрі болса, онда, қатты желде құламас үшін оның түбін мықтап бекіту қажет.
- Қолда бар материалмен ағашты қатты қыспай қымтаған соң аяқ жағын топырақпен көміп қою керек. Бұл ағаш діңін кеміргіштерден қорғайды.
- Егер ағашты мата жабынмен қымтайтые болсаңыз, онда ол жыртылып немесе жануарлар кеміріп кетпес үшін бетін құрылыс торымен, тікенегі бар ағаш бұталарымен жабу керек.
Жаңадан отырғызылған көшеттерді міндетті түрде қымтаған дұрыс. Ал алма мен қараөріктің 1-2 жылдық жас көшеттері қымтауды қажет етпейді. Жас көшеттерге қысқы мезгілден жақсы шығуға көмектессеңіз, уақыт өте мол әрі сапалы өнім беретін бақтың иесі атанарыңыз сөзсіз.
Дайындаған: Эльмира Базарбаева,
Тағы оқыңыз: Жеміс ағаштарының түбін КӨКТЕМДЕ ЕМЕС КҮЗДЕ ӘКТЕЙДІ.