​Піспеген қызанақтарды БАНАН тез қызартады

0
6 230

Қызанақтардың тез қызаруына йод пен ас содасы және алма да жақсы көмектеседі.


​Піспеген қызанақтарды БАНАН тез қызартады

суреттер ғаламтордан алынды

"Үй-тұрмыс" айдарының бүгінгі кеңесі бақшасында қызанақ өсіргендерге арналады.

Әрбір бақша баптаған жан мол өнім алсам дейді. Алайда кей кезде бәрі дұрыс өсіп-өніп мол түйнегенімен, қызанақтар ұзақ уақыт қызармай көк күйінде тұрып алатын кездер болады. Мұндай мәселе тәжірибелі дихан үшін аса қиындық туғыза қоймас. Алайда көкөніс өсіруді жаңа бастағандар көк күйінде ұзақ тұрып қалған қызанақтарды қалай қызартуға болатыны жөніндегі бірнеше кеңесті төменнен оқып біле алады.


Қызанақтың уақтылы қызармай қалуының себебі

Негізі қызанақ гүлдеген соң 40-55 күн ішінде пісіп қызаруы керек. Бірақ бұл нақты уақыт емес. Себебі қызанақтың қызаруының нақты уақыты оның сұрыпына байланысты.

Қызанақтың уақтылы қызаруын тежейтін негізгі бірнеше себеп бар:

  • Жарықтың жетіспеуі. Егер қызанаққа жарық жетіспейтін болса, онда олар өте баяу және ала-ала болып қызарады.
  • Бұлыңғыр ауа-райының ұзақ уақыт сақталуы.
  • Тыңайтқыштың дұрыс берілмеуі. Әсіресе азоттың мөлшерден тыс болуы өнімнің кеш пісуіне алып келеді. Сондай-ақ азоттың көптігінен қызанақтың жапырақтары үлкейіп, түйнектері кішірейеді және ұзақ уақыт қызармайды.
  • Жайсыз ауа-райы. Қызанақтар шектен тыс ыстық пен салқынды көтере алмайды. Жайсыз ауа-райында қызанаққа қызыл түс беретін ликопин пигменті өндірілмейді.


Қызанақтың қызаруын не үшін жеделдету керек

Қызанақты жылдам қызарту – өнімді мол алуға көмектеседі. Себебі жаздың аяғына қарай ауа-райы төмендей бастайды. Көп ретте күндіз ыстық болғанымен түнге қарай салқын тартады. Егер қызанақтар осы уақытқа дейін қызарып үлгермесе, онда алғашқы үсік жүргенге дейін көк қалпында қалып қояды. Сондай-ақ температураның ауытқуы салдарынан жапырақтарда тамшы пайда болады. Ал ол бактерия мен зеңнің дамуына алып келеді. Бактерия мен зең пісіп үлгермеген өніммен қатар бүкіл қызанақты жойып жібереді. Сондықтан мұндай ауруды болдырмас үшін қызанақтарды тезірек қызартып алған дұрыс.


Қызанақты жылдам қызартудың бірнеше жолы бар:

  • Алғашқы қызарған қызанақты жұлып алу керек. Түйнеген қызанақтар арасынан алғашқы қызарған қызанақты жұлып алыңыз.
  • Қырқу. Жапырақтарды гүлдеп тұрған алғашқы сабаққа дейін кесіп алып тастаңыз. Бұл қызанақтың астыңғы жағында ауаның жақсы айналуына көмектеседі.
  • Бұтақсыздандыру. Яғни қызанақтың гүл ашпай тұрған майда бұтақшаларын уақтылы қырқып тұру керек. Сонда өсімдік бар күшін өсуге емес, өнімнің тезірек пісуіне жұмсайды.
  • Суғаруды тоқтату. Піскен қызанақтарды толықтай жинап алардан шамамен 1 ай алдын суғаруды тоқтату керек. Әсіресе құрғақ ауа-райында. Ылғалдың жетіспеушілігінен қызанақ өсуін тоқтатып, бар күшін жеміс беруге жұмсайды.


Теріп алынған көк қызанақтарды да қызартуға болады

Күн салқындаған соң пісіп үлгермеген барлық көк қызанақтарды теріп алып жатамыз. Алайда кей кездері олар да жылы жерде тұрғанымен ұзақ уақыт қызара қоймайды. Ондай кезде қызанақтарды молжарық алуы үшін үйдің оңтүстік бетіндегі терезе алдына қою керек.

Егер далада бұлыңғыр ауа-райы ұзақ сақталса, онда қосымша люминесцентті шаммен жарық беру қажет. Алайда қызанақтар сол көк күйі қалып қызармай жатса, онда оларды жәшікке салып, арасына бір ұызарған қызанақ қойыңыз. Піскен қызанақ ацетилен газын бөледі. Дәл осы газ өзге қызанақтардың да тезірек пісуіне ықпал етеді. Жәшіктің бетіне жамылғы жауып қою керек.

Сондай-ақ қызыл қызананқтың орнына жақсы піскен алма немесе банан жемісін қоюға болады.

Ескеру. Пісіп үлгермеген қызанақтарды жинағанда ұзындау сабағымен терген дұрыс. Сабағымен жылы, құрғақ, биік жерге іліп қойса қызанақтар тез қызарады.


Қызанақтарды қоректендіру арқылы да тезірек пісіріп алуға болады

Ол үшін ең алдымен құрамында калий бар қоректендіргіш қажет. Ол үшін:

  • Ағаштың күлі. Бір стақан ағаш күлін 1 шелек суға араластырып 3-4 сағатқа қалдырамыз. Уақыт өткен соң әр қызанақтың түбіне 1литрден құйып шығу керек.
  • Калий перманганаты. 10 литр суға калий перманганатының 4-5 түйіршігін салып араластырамыз. Қоспа ашық қызыл түсті болуы керек. Бұл қоспаны да әр қызанақ түбіне 1литрден құямыз.
  • Ас содасы. Ас содасының құрамындағы натрий қызанақтың дәмін жақсартады. Ол үшін әр қызанақ түбіне 1 шәй қасық ас содасын 1 литр жылы суға араластырып құю керек. Бұл қоспамен қызанақтарды аптасына бір рет қоректендіріп тұрған дұрыс.
  • Йод. Өнім беріп жатқанда қызанақтар үшін иодтың да пайдасы орасан. Дәріханадан алынған иодтың 30 тамшысын 10 л суға араластырып, өнімі піспей тұрған өсімдіктің түбіне бүркіп шашу керек. Сондай-ақ йод қоспасы қызанақтағы аурудың да алдын алады.

Қызанақ өнім беріп жатқан кезде жақсы күтімді талап етеді. Егер қызанақтар ұзақ уақыт піспей тұрса тезірек қызартып алуға тырысу керек. Бұл өнімді сақтап қалуға көмектеседі.


Дайындаған: Эльмира Базарбаева,

ERNUR.KZ.


Тағы оқыңыз: СЫРТҚЫ ЕСІКТІ сабын жақсы ТАЗАРТАДЫ

Ұқсас мақалалар: Жаздың күні бақшаны таңертең суғаруға болмайды.