СЫРТҚЫ ЕСІКТІ сабын жақсы ТАЗАРТАДЫ

0
7 345

Темір есікке тиген құрылыс заттарының дағын тазарту жөнінде кеңес.


СЫРТҚЫ ЕСІКТІ сабын жақсы ТАЗАРТАДЫ

Үйге кіреберістегі сыртқы есіктің тез кірлейтіні белгілі. Әрине, күнделікті сүртіп тазалап отырған жағдайда шаң мен кірді оңай тазартып алуға болады. Алайда қазір нағыз жөндеу жұмыстарының қызған шағы. Ондайда есікке түрлі желім, цемент, бояғыштар тиіп жатады. Ал ондай кезде есікті бүлдіріп алмай қалай тазартуға болатыны жөнінде кеңестер қажет-ақ.


Май мен кірден тазарту

Есіктегі май мен кірді тазарту жолдары оның жабынына байланысты болады. Егер есіктің жабыны майлы бояумен сырланған болса онда оны міндетті түрде жылы суға нашатыр спиртін қосып тазарту керек.

Ол үшін 1 литр суға 5мл мүсәтір спиртін араластырып аламыз. Осы қоспамен жұмсақ шүберекті сулап, есікті ысқылап сүртіп шығу керек. Мұндай есіктерді тазарту кезінде қатты затты және құрамында сыратын қоспасы бар тазартқыштарды қолданбаған дұрыс. Сүртіп болған соң құрғақ шүберекпен тағы бір рет кептіріп сүртіп алу қажет. Сулы шүберекпен сүртіп артынан бірден құрғатып сүртпесе, есік сарғайып өңін тез жоғалтады.


Әк пен бояудан тазарту

Темір есіктегі әк пен бояу оңайлықпен кете қоймайды, әсіресе ол ескі болса. Сондықтан мамандар мұндай кезде егеуқұм қағазын (наждачная бумага) пайдалануды ұсынады. Ал егер тиген дақтың көлемі үлкен болса, онда халық арасындағы кеңінен пайдаланылатын әдісті қолдану керек.

Мысалы су мен сіркесуды араластырып жұмсақ шүберекпен сүртеміз. Ол үшін 1 литр суға 20г сіркесу қосамыз. Сірккесудың орнына керосин (дәл осы шамада) қосып сүртуге болады. Алайда бұл жеке жер үйде тұратындарға болмаса көпқабатты тұрғын үй тұрғындары үшін шамалы қиын. Себебі керосиннің өткір иісі көршілерге жақпай қалуы мүмкін. Оны желдетіп кетіру үшін 15-20 сағат уақыт керек.


Монтаждық желімнен тазарту

Егер есіккке желім қалың жағылып кеткен болса, онда оны сындырып алған дұрыс. Ал егер жұқа ғана жағылса, онда оны кеңсе пышағымен қырнап мұқият тазартып алған жөн. Желім толық кеуіп үлгермеген болса, онда оны ацетон немесе еріткішпен тазартуға болады. Ол үшін жұмсақ сорғыш немесе ысқышты ацетонға (еріткіш те жарайды) батырып алып бүлінген жерді сүрту керек. Желімді тазартып болған соң жылы сабынды сумен есікті толықтай сүртіп шығу керек. Артынан бірден құрғақ шүберекпен сүртіледі.


Цемент пен тегістегіштен (шпаклевка) тазарту

Қатып қалған цемет пен тегістегіш қалдықтарын есікті бүлдіріп алмай кетіру біраз уақыт алады. Ең алдымен оны жібітіп алу қажет.

Ол үшін 1л суға 20мг сіркесу араластырылады. Осы қоспаға шүберекті батырып, цемент немесе тегістегіш тиген жерге 4-5 минутқа жауып қоямыз. Жібіген соң шөткемен тазартамыз. Ал егер цемент тиген жер өте үлкен болса онда оны қалақтың (шпатель) көмегімен тазартамыз. Артынан қалған жерін темір ысқышпен ысқылауға болады.

Тек мұндай амалдан кейін есікті қайта сырлауға тура келеді.


Темір есіктегі жабысқақ таспаның ізін кетіру

Есікті жеткізушілер қауіпсіздік үшін көп ретте жабысқақ таспаны пайдаланады. Ол кейін оңай алынғанымен ізіне шаң тозаң жиналып, үлкен кір дағына айналады. Алайда темір есіктегі жабысқақ таспа ізін кетіру өте оңай.

Ол үшін шүберекті жылы суға малып кірлеген аймақты ысқылап сүртесіз. Ал егер таспа ізіне біраз уақыт өтіп ескірген болса, онда оны ацетон, еріткіш немесе тырнақтың бояуын кетіретін сұйқтықпен сүртіп алу керек.


Дайындаған: Э. Базарбаева,

ERNUR.KZ.


Тағы оқыңыз: Қандай КІЛЕМДІ ҮЙДЕ ЖУУҒА БОЛМАЙДЫ