САРЫ МАЙДЫҢ таза екенін АРАҚҚА салып ажыратуға болады

0
11 346

Сарымайдың сапасы оның бағасына байланысты емес.


САРЫ МАЙДЫҢ таза екенін АРАҚҚА салып ажыратуға болады

Қазіргі кезде дүкенде сарымайдың неше түрін кездестіруге болады. Алайда оның бәрі бірдей таза, пайдалы деп айтуға келе қоймас және оның ішінде тазасын ажыратып ала қою да қиын. Әрине, бағасы қымбат болса таза, пайдалы деп ойлаймыз. Бірақ кейде молырақ пайда табу үшін өндірушілер мен сатушылардың түрлі қулыққа баратынын ескеру қажет. Себебі кейбір сарымай деп сатылатын өнімдерде түрлі ұнтақтар, өсімдік немесе пальма майы қосылып жатады. Ал бұлар денсаулық үшін аса пайдалы емес.


Сары майды алмай тұрып оны қалай таңдау қажеттігін біліп алғаныңыз жөн.


Ең алдымен майдың түсіне қарау керек

Таза табиғи майдың түсі – ақ сары болады, бірақ аппақ емес. Ақ немесе қанық сары түсті майлардың құрамында түрлі қоспалар болуы мүмкін.


Қаптамадағы жазба арқылы білуге болады

Егер май көрінбейтін қаптаманың ішінде болса, онда оның сыртындағы жазбаны міндетті түрде оқып шығу керек.

Алдымен сақтау мерзіміне мән беріңіз! Себебі таза, табиғи майдың ұзақ сақталмайтыны белгілі. Егер сақтау мерзімі неғұрлым ұзақ болса, демек құрамында қоспалары көп.


Құрамы деген жеріне қараңыз!

Сарымай – тек қана сүт және кілегейден тұруы тиіс. Ал, егер құрамы деген жерде түрлі қоспалар, әсіресе СПРЕД және ТУ деген жазу болса, онда ол таза емес, сапасыз май.


СПРЕД – сыртқы түрі сарымайдан еш айырмасы жоқ азықтың бірі немесе маргарин.

Бірақ маргариннен айырмасы - құрамындағы қоспалар. Спред - негізінен пальма, кокос немесе өсімдік майларынан жасалады. Сондай-ақ оның құрамына көбіне майсыз құрғақ сүт, дәмдеуіш қоспалар кіреді. Ал спредтің май мен маргариннен айырмасы – тоңазытқышта қатып тұрған жерінен шығарсаңыз да, оны нанға жаққанда өте жеңіл, еш қиындықсыз жағылады. Кескен кезде де түйіршіктелмей, бөлініп кетпей, жұмсақ қалпын сақтайды.


ТУ – деген жазба

Бұл деген "Технические условия/ техникалық жағдай" дегенді білдіреді. Мұндай жағдайдағы майлардың құрамы не спред немесе маргарин болып келеді.



Егер майды сатып алып қойған болсаңыз, онда оны үй жағдайында төмендегідей тексеріп, анықтап алуға болады.


  • Дәм мен иіс арқылы

Таза сарымайдың иісі болмайды. Сондай-ақ дәм татып көргенде таңдайда тәтті кілегейдің дәмі қалады. Егер майда қандай да бір өткір иіс пен кілегейден өзгеше дәм болса, онда оның құрамында өсімдік майы болуы мүмкін.


  • Пышақпен кесіп көру

Майдың таза, таза емес екенін пышақпен кесіп көріп анықтауға да болады. Тек ол үшін май мұздатқышта тұрған болуы керек. Егер майды кескен кезде қатты болып, бөлініп - бөлініп түссе, онда ол таза май. Ал, қанша мұздап тұрса да біртегіс, жалпақ күйінде кесілсе, демек ол сары май емес - спред.

Таза сарымай кескенде осылай бөлінеді


  • Майды ерітіп те оның қандай екенін ажыратуға болады

Сарымайдың бір кесегін алып, ыстық суға (70 градус шамасында) салып, араластыру қажет. Егер май бірден еріп, бетіне өсімдік майы секілді көтерілсе, ал астындағы судың түсі өзгеріп, тұманданып кетсе, онда ол май – таза сарымай. Ал егер май араластырғанда ерімесе, онда ол пальма майы қосылған спред.


  • Табаға ерітіп те анықтай аласыз

Сарымайды қызып тұрған табаға салып еріту арқылы оның қаншалықты таза, қоспасыз екенін анықтауға болады. Егер май еріп жатып бірден айналасы күйіп, көпіршіп, түтіні көп бөлінсе, бұл – спред болғаны. Себебі таза сарымай көпіршімей, көп түтіндемей, ақырын ериді.


  • Бөлме температурасында ерітіп біліуге болады

Сарымайды кесіп, бөлме температурасында қалдыру керек. Егер шамалы уақыттан кейін май еріп кетсе, демек ол таза май. Ал, шамалы ғана еріп немесе мүлде ерімесе онда ол майдың құрамында өсімдік немесе пальма майы бар.


  • Майды ішімдікке салып, таза екенін жырата аласыз

Тек ол үшін арақты ысытып алу керек. Шамалы (60 градус) ысытылған араққа майдың бір кесегін салып, жақсылап араластырып аласыз. Егер май таза болса, онда ол майда түйіршіктерге бөлініп, біртегіс болып беткі қабатқа көтеріледі. Ал, түрлі қалыптағы ыдыраған қабат түзілсе, демек ол майдың құрамында өсімдік майы бар. Сондай-ақ майдың құрамында бояғыш заттар бар болса, онда арақты түгелдей ашық сары түске айналдырып жібереді.



Дайындаған: Эльмира Базарбаева,

ERNUR.KZ

Сізді қызықтыруы мүмкін: Бөлме гүлінің ЫДЫСЫНДАҒЫ ТЕСІКТЕР не үшін керек?