​Бөлме гүлінің ЫДЫСЫНДАҒЫ ТЕСІКТЕР не үшін керек?

0
8 211

Топырағы неге КӨГЕРЕДІ? Ақ түсті ҚАҚ қайдан пайда болады?


​Бөлме гүлінің ЫДЫСЫНДАҒЫ ТЕСІКТЕР не үшін керек?

Бөлме гүлдерінің топырағына ақ түсті қақ пен зеңнің тұруы жиі орын алып жататын жағдай, әсіресе қысқы маусымда. Құмырадағы топырақ көгерген кезде, оған жағымсыз иіс қосылады. Мұндай кезде бірден үрейге берілудің қажеті жоқ, алайда елеусіз қалдыруға да болмайды. Себебі топырақ бетіндегі ақ зең көптеген гүлдерді қуратып, өлтіріп тастамайды. Бірақ бұл өсімдіктердің ауыруының алғашқы бастамасы және кейін өліп қалуына алып келеді. Сондықтан мұның алдын алған дұрыс. Топыраққа тұрған зең мен ақ қақпен күресу үшін алдымен оның себебін анықтап алу керек.


Топырақтағы зең мен қақтың негізгі басты себептері:

  • Су құюдағы қателіктер – көп, артық құйылған судан топырақ ылғал емес, батпаққа айналады.
  • Гүл қондырылған ыдыста су ағып кететін ұсақ тесіктердің дұрыс болмауы немесе мүлде жоқ болуы. Мұндай жағдайда суғарудың барлық ережелері толық сақталса да, су толық ағып кетпеген соң топырақ батпаққа айналады.
  • Бөлмедегі температураның төмен болуы. Бұл жағдай зеңнің көбеюіне алып келеді және оған құйылған мол су қосымша әсер етеді. Алайда салқын температураны ұнататын өсімдіктер де бар, бірақ аз мөлшердегі суғарумен болуы керек. Ал егер суғару, жазғы мезгілдегі секілді болатын болса, онда салқын температурада топырақты тез зең басады.
  • Ауадағы ылғалдың көтерілуі. Температура төмен болған кезде ауаның ылғал болуы топырақтың зең басуына мол мүмкіндік береді. Кейде бөлме температурасы қалыпты болса да ауадағы ылғал, топырақтағы қышқылды көтеріп, зең басуына алып келеді.
  • Топырағында зеңі бар өсімдікті сатып немесе сыйлыққа алу. Кейде сатушылар тауар тез өту үшін, гүл отырғызылған ыдыстағы зең басқан топырақтың беткі қабатын алып тастап, оның орнын жаңа топырақпен толтырып қояды. Мұндай жағдайда беті әдемі, жақсы көрінгенмен, уақыт өте ыдыс түбіндегі топырақтағы зең көбейіп, өсімдікті өлтіріп тастайды.
  • Құбырдан алынған су. Кейде мұндай жағдайларға суды тұндырып қоймай, шүмектен ала салып құю да себеп болады. Шүмектен алынған сулар кейде хлорлы болып келеді. Сондықтан олар топыраққа түскен соң буланып, бетіне шығады.
  • Құмыраның шектен тыс үлкен болуы. Өсімдіктің тамыры кішкентай, ал ыдыс үлкен болса, онда ол топырақтағы ылғалды тартып алуға күші жетпейді. Ал уақытында пайдаланылмаған топырақты тұра келе зең баса бастайды.

Ескеру! Бөлме гүлдерінің топырағындағы зең, тек өсімдіктерге ғана емес, адам денсаулығы үшін де қауіпті болып саналады.



Топырақтағы зеңмен күресу жолдары

Топырақты ауыстыру. Егер мүмкіндік болса, зең басқан топырақты толықтай ауыстырып тастаған дұрыс. Ауыстырған кезде зең басқан топырақтан шыққан өсімдіктің тамырын залалсыздандырып алу керек. Ол үшін азғана марганец ерітіндісін (марганцовка) суға ерітіп (ашық түсті болуы тиіс) сол қоспаға өсімдік тамырын салып аламыз.

Егер топырақты толықтай ауыстыру мүмкін болмаса, онда ыдыстағы топырақтың беткі қабатын алып тастап, орнына жаңа топырақ салынады. Осыдан кейін өсімдікті «ФУНДАЗОЛА» етіріндісімен (1 литр суға 2 гр) суғару керек.

Егер топырақ тым ылғал, зең түбіне дейін басып, өсімдіктің түбі шіри бастаса, онда оны тамырымен ыдыстан алып, топырағын пешке салып, жақсылап қыздырып алу керек. Ал өсімдік тамырын әлсіз марганец ерітіндісіне салып аламыз.


Суғаруды тоқтату керек. Қазіргідей ауа райы салқын кезде, бөлме қоңырсалқын болса, онда суғаруды шектеу керек. Суға алқызыл етіп марганец ерітіндісін қосып, суғарған дұрыс.


Сондай-ақ мұндай кезде халық арасында кеңінен қолданылатын қарапайым тәсілдің де көмегі мол.


Бірінші тәсіл. Сарымсақтың бір бөлігін алып, ұзынынан бірнеше бөлікке бөлеміз. Сол бөлінген сарымсақтарды өсімдіктің түп жағынан алыстау етіп, топыраққа қадаймыз. Артынан суғарамыз. Кейін топырақ құрғаған кезде сарымсақтарды алып тастаймыз. Мұны қыс бойы, тіпті жаз шыққанша қайталап жасауға болады.

Тағы бір тиімді тәсіл – лимон қышқылы. Жарты шәй қасық лимон қышқылын 1 стақан суға ерітіп, топырақтың тек беткі қабаты ғана суланатындай етіп құю керек. Бірақ лимон қышқылымен тек қана топырақтағы қышқылды ұнататын өсімдіктерді ғана суғарып, емдеген дұрыс.

Топырақты қопсыту. Топырақтың беткі қабатын жаңадан зең басып келе жатса, онда топырақты, астына дейін ауа кіретіндей етіп, тереңірек қопсыту қажет.

Керек кеңес, қажеттеріңізге жарасын!

Дайындаған: Эльмира Базарбаева,

ERNUR.KZ

Ұқсас мақалалар: Үйіңізде "ДОЛЛАР АҒАШЫН" өсіре алмай жүрсіз бе?