Үйді БЕТОНМЕН қоршау ДЕНСАУЛЫҚҚА ЗИЯН болуы мүмкін

0
7 076

Көпшілігіміз бағасы қымбат болса, сапасы мен көрінісі керемет болады деп ойлап, жаңылысып жатамыз.


Үйді БЕТОНМЕН қоршау ДЕНСАУЛЫҚҚА ЗИЯН болуы мүмкін

Әдемі, жайлы, жинақы жер үйде тұру көптеген жанның арманы болса керек. Ал үйдің әдемілігі алғаш сыртынан байқалады. Яғни сыртқы жағдайы, жинақылығы және қоршауы.

Көпшілігіміз бағасы қымбат болса, сапасы мен көрінісі керемет болады деп ойлап, жаңылысып жатамыз. Алайда қазір көптеген түрлі материалдардан сапалы, сәнді дүниелер жасалып жатыр. Біз айдарымыздың осы санынан үй қоршаулары, яғни сапалы, бағасы қалтаға ұрмайтын, жер жағдайына ыңғайлы түрлі қоршаулардың жақсы және кемшін тұстары жайлы біле аласыздар.


Еуроқада (евроштакетник) қоршауы

Егер сіз тұратын аймақта жел жиі тұратын болса, онда қоршау үшін еуроқаданы таңдаған дұрыс. Еуроқада – болаттан жасалған ұзынша металл қиындылар. Ыңғайлы құрылымына қарай мұндай қоршаулар кез-келген желге төтеп береді, кемінде 20 жылға дейін қызмет етеді. Сондай-ақ табиғаттың барлық жағдайына шыдайды, шірімейді, бояуды қажет етпейді, жеңіл және тасуға өте қолайлы. Екібеті бірдей бояу болғандықтан іштен де сырттан да әдемі көрінеді. Бар кемшілігі – бағасы қымбаттау және құру үшін біршама уақытты қажет етеді.



Бетон қоршау

Бетон қоршаулар қазіргі кезде сәнге айналған секілді. Сәнді, берік, ерекше күтімді қажет ете қоймайтын, табиғаттың аптап ыстығы мен қақаған аязына «қыңқ» етпейтін қоршау кімге болса да ұнайтыны анық. Сондай-ақ отқа өте берік. Бірақ бағасы қымбатқа түседі және мұндай қоршау қою үшін астына іргетас құю қажет болады. Сондай-ақ мұндай қоршау неғұрлым биік, тұтас болған сайын аула ішіндегі ауа айналымы дұрыс болмай, ондағы өсімдіктерге кері әсер етеді. Яғни өсіп-өнуі баяулайды. Адамдарға да солай әсер етуі мүмкін.


Пішінді теміржабын (металлопрофил) қоршауы

Егер сіздің үйіңіз жолдың жағасында, яғни көлік көп жүретін жерде орналасқан болса, онда айналаны пішінді теміржабын қоршауымен бекіткеніңіз дұрыс. Мұндай қоршау өте сәнді, әсерлі көрінеді және шуды, қатты дыбыстарды азайтады, ұзаққа шыдайды, жанбайды. Сондай-ақ қазір түрлі дизайнерлік қалыпта (тас немесе кірпіш қаланған секілді, т.б) шығып жатыр, бұл өте сәнді көрінеді.

Бірақ мұндай қоршау орнату үшін, ең алдымен астына іргетас құю қажет, ал бұл біраз қалтаны жұқартуы мүмкін және желге ұзақ шыдас бермейді. Тот басып, шіруге бейім, қайта бояу қиындық туғызады, аула ішіндегі ауа айналысын шектейді.


Тоқылған темір сыммен қоршау

Бұл көпшілікке жақсы таныс қоршаулардың бірі. Көбіне мұндай қоршаумен үйдің алдыңғы жағынан басқа шеттерінің барлығын қоршай береді. Ал алдыңғы көзге көп түсетін жақ қымбаттау қоршаумен жабылады. Мұны құру үшін темір немесе ағаш тіреулер қолданылады және мұндай қоршауды құру кез -келген жанның қолынан келеді, көп уақыт алмайды. Ауа айналымына ешқандай кедергі емес.

Кемшілігі – аула толықтай сырт көзге көрініп тұрады, тот басады және бір жері бүлінген жағдайда балалар, үй жануарлары үшін қауіпті болуы мүмкін.


Ағаш қоршау

Бұл ең арзан, бюджетті жол. Бірақ бұл сапасыз деген нәрсе емес. Ағаш қоршауды кез-келген көлемде, түрлі етіп жасауға болады. Мұндай қоршау экологиялық таза, құрылуы өте жеңіл, ерекше дизайнда жасауға болады. Кемшілігі – үнемі күтіп-қарауды керек етеді және тез тұтанады.


Бұта-теректерден шарбақ (живая изгородь) қоршау

Өсімдіктен қоршау жасау жаппай қолға алынған дүние емес. Яғни мұны көп адам жасай бермейді. Алайда мұндай қоршау ауланы шаң мен желден өте жақсы қорғайды. Дұрыс күтім болған жағдайда өзге қоршаулардан әлдеқайда ұзақ қызмет етеді, әдемі көрінеді, топырақтың құнарлануына қосымша әсер етеді.

Кемшілігі – өсу үшін біраз уақыт қажет және үнемі қырқып, кесіп туралап отыруды керек етеді.


Әрине әр қоршау түрінің өзіндік бір артықшылығы мен кемшін тұстары бар. Сондықтан қоршау қояр алдында мұқият ойланып, әр қоршаудың артық және кем тұстарын таразылап, үйіңіздің айналасына ойша елестетіп қойып барып, тек содан кейін ғана таңдау жасаған дұрыс.


Дайындаған: Базарбаева Эльмира,

ERNUR.KZ

Ұқсас мақалалар: САРЫ МАЙДЫҢ таза екенін АРАҚҚА салып ажыратуға болады