Үтіктің күйген табанын және қақ тұрған тесіктерін үй жағдайында қолда бар заттармен-ақ оңай тазартуға болады.
Кейде асығыс немесе ыңғайсыз қолданғаннан үтіктің астын да, үтіктеп жатқан киімді де бүлдіріп алатын кездеріміз болады. Ал бүлінген үтік кез-келген киімге дақ түсіретіні белгілі. Әсіресе алдағы жаз айларында жеңіл, ашық түсті киімдерді бүлінген үтікпен үтіктеу қиындық тудырады.
Сондықтан киімді бүлдірмес үшін және артық ақша шығындап жаңа үтік сатып алмау үшін төмендегі кеңестерді қолданып көріңіз. Үтіктің күйген табанын және қақ тұрған тесіктерін үй жағдайында қолда бар заттармен-ақ оңай тазартуға болады.
Ас содасының көмегі
Ас содасымен үтікті тазарту үшін ас содасы, су, ыдыс, шүберек, сіркесу (қаласаңыз) және кез-келген мата қиындысы (ескі бет немесе асхана сүлгісі жарайды). Ең алдымен үтіктің өшіп тұруын қадағалау керек. Содан кейін ас содасы мен суды араластырып қою қоспа жасап алу керек. Осы қоспаны үтіктің табанына жағып шығамыз. Қаттырақ күйген жерге көбірек жағып қоямыз. 10 минуттан соң таза сулы шүберекпен ысқылап сүртіп аламыз.
Ал бу шығаратын тесіктерді тазарту үшін су құятын жеріне 3:1 мөлшерде су мен сіркесуды араластырып құямыз. Үтікті қосып, бу тетігін қосып, ескі сүлгіні үтіктейміз. Тесіктерден шыққан су таза болғанша үтіктеу керек. Су тазарып, үтіктеп болған соң, үтікті тоқтан ажыратып, шамалы суыған соң сол ескі сүлгінің үстіне жатқызып қойыңыз. Ішінде қалған артық судың бәрі толық ағып кетуі тиіс.
Тұз бен газет те жақсы тазартады
Үтікті тазартудың тағы бір қарапайым тәсілі тұз және газеттің көмегімен жасалады. Тек мұндай тәсілмен тефлонды және антипригар жабынды үтіктерді тазартуға болмайды. Ең алдымен үтікті барынша қыздырып, бу шығаратын тетігін қосу керек. Газеттің үстіне мол етіп ас тұзын саламыз. Қызған үтікпен тұзды ары –бері астындағы дағы кеткенше үтіктеу керек. Кейін таза шүберекпен сүртіп аламыз. Тек бұл тәсіл ескіден келе жатқан дақты кетіре алмауы мүмкі.
Қағаз сүлгі
Бұл тәсіл, егер үтік табанында жабысқақ іздер пайда болғанда жақсы көмектеседі. Мұндай жағдайда да үтікті барынша қыздырып, қағаз сүлгіні жабысқақ кеткенше үтіктеу керек.
Тіс пастасы
Ақ түсті тіс пастасы (гел секілді тіс пастасы жарамайды) күйген үтік табанын жақсы тазартады. Суып тұрған үтіктің табанына жақсылап тіс пастасын жағып шығамыз. 5-7 минуттан соң сулы шүберекпен сүртіп аламыз.
Сіркесумен тазарту
Антипригар жабынды үтікті ең дұрысы сіркесумен тазарту. Бұл мұндай үтіктің табанында із қалдырмайды. Сіркесумен тазартудың өзінің бірнеше нұсқасы бар. Ең қарапайым тәсілі – мақтаны сіркесуға батырып үтіктің табанын сүртіп шығу. Тек бұл тәсіл зақымданған аймақ жаңадан және үлкен емес болғанда ғана жақсы көмектеседі. Сондай-ақ сіркесу өте өткір иісті болғандықтан, оны қолданар алдын есік немесе терезені ашып қойған дұрыс және қолға міндетті түрде резеңке қолғап кию керек.
Сутек асқын тотығы (перекис водорода)
3 пайызды сутек асқын тотығы үтік табанын тазартуға жақсы көмекші. Тек тиімділігі жоғары болуы үшін үтікті аздап қыздырып алу керек (қатты қызып кетпеуі тиіс және тазартатын кезде міндетті түрде тоқтан ажыратып тастаған дұрыс). Сутек асқынтотығына мақтаны батырып үтіктің табанындағы дақ кеткенше сүртеміз.
Парацетамол дәрісі
Бұл дәрінің ыстықты түсіруден өзге үтктің астындағы дақты кетіруге де көмегі бар. Ол үшін бірнеше дана парацетамол дәрісі керек болады. Егер үтіктің астындағы дақ ескі және үлкен болса онда дәріні көбірек алған дұрыс. Сондай-ақ іскек (пинцет) немесе осыған ұқсас зат керек. Іскек үтікті ыстық күйінде тазалағандықтан қол күймес үшін қажет. Үтікті қыздырып, дәріні іскекпен ұстап тұрып күйген жерге ысқылаңыз. Өте тез әрі жақсы тазаланады. Ыстыққа тиіп сүрткен кезде дәрі ериді, бұл қалыпты жағдай. Егер дәрі кішірейіп ұстау мүмкін болмаса, келесісіне ауыстырыңыз. Бұл тәсіл кез-келген қымбат тазартқышты алмастыра алады.
Ацетон пластик қалдығын тазартады
Егер үтіктің табанына пластик зат жабысып, күйген болса, одан қалған қалдықты ацетон жақсы тазартады. Ол үшін үтікті қыздырудың қажеті жоқ. Мақтаны ацетонға батырып пластик күйген жерді ысқылап сүрту керек. Тек ацетонмен жұмыс істегенде мұқият болыңыз.
Сіріңке қорабы
Сіріңке қорабының тұтататын қоңыр түсті жағы үтікті тазалауға жақсы көмектеседі. Тек ол үшін үлкен көлемді сіріңке қорабы қажет. Сіріңке қорабындағы тұтандырғыштың құрамында қызыл фосфор бар. Міне сол үтік табанындағы күйген жерді тазартады. Ол үшін жаңа қрапты аып, ішіндегі бар сіріңкені шығарып тастау керек. Үтікті жай қызатын етіп қойып қораптың тұтандырғыш шетіне басып үтіктейміз. Үтік табанындағы дақ кеткен соң оны тқтан ажыратып, таза, құрғақ шүберекпен сүртіп аламыз. Мұндай тәсілмен ескі дақтарды да кетіруге болады. Тек үтіктің табанында сызылған іздер болса бұл тәсілді қолданудың керегі жоқ.
Керек кеңес қажеттеріңізге жарасын!
Дайындаған: Эльмира Базарбаева,
Тағы оқыңыз: Еккен КӨШЕТ ӨНБЕЙ ҚАЛСА не істеу керек?