Сурет: alfa.lt
Өмірді тыныш сүргенге не жетсін?! дау-дамайсыз, ұрыс-керіссіз...
Алайда, жанжал десе бір иығын беріп тұратын, бетіне келгенді жұлып жеуге дайын айқайшылдардың арамызда бары рас. Әр адам күйзеліс пен жанжалға әртүрлі әрекет етеді. Темперамент ерекшеліктерін біле отырып, айналаңдағы жандарды жақсырақ түсініп, қарым-қатынас кезінде қиындықтарды алдын ала болжауға болады.
Осы бағытта астрологтар тиімді шпаргалка дайындапты. Қолдану үшін бар-жоғы адамның туған күнін, сәйкесінше, жұлдыз белгісін білсе болғаны.
«СЕН ТИМЕСЕҢ – МЕН ТИМЕ» МОМЫНДАР
12. ТАРАЗЫ
Таразылар тыныштыққа ұмтылады, конфликтен қашады. Ішкі тыныштығын сыртқы кикілжіңнен әлдеқайда маңыздырақ санайды. Дау, жанжалдар олар үшін күйзеліс туғызатын жағымсыз жағдай. Сондықтан қандай келіспеушілік болмасын бейбіт жолмен шешуге, ортақ шешім табуға тырысады. Ең кереметі – барлық жағдайда сабырлы қалпын сақтай алады. Оларды ашуландыру өте қиын.
11. БАЛЫҚТАР
Балықтар бейбітшілікті қалайды. Дау-дамайдан, айқай-шудан мүмкіндігінше қашады. Жанжал туа қалса жағдайды жұмсартуға, ымыраға келуге барын салады. Олар үшін ашық жанжалға түскеннен гөрі, өз сезімін ішке жасырып қалған жеңілірек. Егер конфликт кезінде қарсы тарап тым агрессивті болса, Балықтар өзін құрбандыққа шала салады. Жеңіске ұмтылғаннан көрі, жорта жеңіліп, соңыра өзін жылап алумен немесе жалғыз қалумен емдеп алған әлдеқайда оңай. Сонымен қатар, балықтармен керіскен жан айыбын мойындап алдынан өтсе, кешірім беруі де тез.
10. МЕРГЕН
Мергендер жасандылықты, алдауды, манипуляцияны жек көреді. Олар шындықты бетке айтады. Сондықтан айналасында шындық жақпай қалған жандардың тарапынан реніш, жанжал жиі туындауы мүмкін.
Алайда мұндай сәттерді Мерген ұзаққа созбайды. Ол лезде ашуға мінеді, бірақ қайтымы да тез. Жанжал кезінде турасын айтып тастайды да, ары қарай агрессиясыз жүре береді. Егер біреу оған қарсы «соғыс» ашса, қару-жарағын алып қарсы шықпайды. Қарсыласқа ең ұтқыр жауабы – оны елемеу. Жай ғана өмірінен ол адамды сызып тастау. Немесе әзіл-қалжың арқылы шешуге тырысады. Кек сақтамайды, бірақ қайтып жақындамайды.
АШУЫ БАР, АЙҚАЙЫ ЖОҚ
9. ЕГІЗДЕР
Егіздер үшін дауласу – ұрыс-жанжал емес, пікірталас, интеллектуалдық ойын сияқты. Өйткені олар өз позициясын эмоциямен емес, суық санамен, сабырлы сөзбен жеткізеді. Өзі конфликтке құмар емес, бірақ ашық жанжалдан қорықпайды. Қажет деп тапса, өзі бастауға не бастаған адамды қостаудан қашпайды. Соңынан ашуын да, келіспеушілікті де тез ұмытады, кек сақтамайды. Қақтығыстан кейін басқа тақырыпқа ауысып, әрі қарай дым болмағандай сөйлесіп кету егіздер үшін түк емес.
8. ТОРПАҚ
Сабырлы әрі қырсық Торпақтар сирек ашуланады. Көбінесе жанжалдан аулақ жүреді. Көп жағдайда дау туындамас үшін үнсіз қалуды жөн көреді. Торпақтың ашуын көру – сирек жағдай. Бірақ егер біреу олардың шекарасынан қайта-қайта асып, шыдамын тауысса, ұзақ уақыт жиналған ашу бір сәтте жарылуы мүмкін. Бір көтерілсе, қатты кетеді және қайтымы қиын. Кешірім беруі де оңай емес. Өзіне қиянат жасаған адамға бірден сенімін қайтармайды.
7. БИКЕШ
Бикештер ұрыс-керісті қажетсіз, тиімсіз әрекет деп санайды. Бей-берекет дауласқаннан гөрі, мәселені дәлел мен логика арқылы шешуді қалайды. Өзі де қақтығыс кезінде салқынқанды, нақты, логикаға сүйеніп сөйлейді. Эмоциямен емес, фактпен жеңуге тырысады. Қарсыласының әлсіз тұсын байқап, дәл сол жерден сыпайы түрде, бірақ ауыр соққы беруі мүмкін. Қақтығыс аяқталғаннан кейін де біраз уақытқа дейін ішінен талдап, кім не айтты, кім не істеді – бәрін саралап жүреді. Өкпе-реніш сақтамайды, бірақ жағдайды есінен шығармайды.
ЫМЫРАСЫЗ, КЕКШІЛ КҮРЕСКЕР
6. АРЫСТАН
Арыстанның ашуы – жедел және әсерлі, отты, эмоцияға толы. Ол үндемей ренжіп жүрмейді, керісінше, бірден дауыс көтеріп, мән-жайды анықтауды талап етеді. Эмоциясын да жасырып қалмайды. Кейде ренжігенін көрсетіп, көңілін қалдырған адамды жария түрде жазғырып, кәдімгідей драмалық қойылымға айналдырып жіберуі де мүмкін.
Арыстандардың тәкаппарлығы мен өзіне сенімділігі оларды мықты тұлға етеді. Өз беделіне нұқсан келтіретін кез келген әрекетке жылдам тойтарыс береді. Егер жанжал кезінде оған шынайы түсіністік пен құрмет көрсетілсе, тез басылады.
5. ШАЯН
Шаяндар – өте эмоционалды әрі интуитивті жандар. Жақындарының немесе өзінің шекарасының бұзылғанын байқаса, ашық қарсылық білдіреді. Қатты қысым болғанда эмоциялық жарылыспен (көз жасы, өкпе) жауап береді. Ал кейде салқын реніш күйіне өтеді. Енді бірде өзін құрбан етіп көрсетіп, кінәні басқаға аударады. Мұның бәрі ауыр психологиялық әдістер.
Шаян кешірімді, бірақ ренжіткен сәтті жүректе ұзақ сақтайды. Егер адам қайта сенімге кірсе, олар бұрынғыдай қарым-қатынасқа оралуы мүмкін. Бірақ мұның өзі оңай емес процесс.
4. ТАУЕШКІ
Тауешкі – әрқашан ұстамдылығынан айрылмайтын, есеппен әрекет ететін жұлдыз белгісі. Қақтығыс кезінде айқай-шу шығармайды, бірақ өте нақты әрі қатты жауап қайтарады. Даудың эмоционалдық жағын емес, стратегиялық жағын көреді. Қарсыласын дәл осал тұсынан аяусыз ұруы мүмкін. Немесе дәл сол сәтте айқаспаса да, кек сақтап, оңтайлы сәт туғанда лайықты жауабын қайтарады.
. Ол үшін эмоция емес, нақты факті мен бедел маңызды. Ашуланса, суық, тасжүрек жанға айналады. Олар қатынасты біржолата үзіп, өмірінен адамды оңай өшіре салады. Әсіресе сенімін алдағандарды кешіруі екіталай.
ДАУ-ЖАНЖАЛ ҚАЙДА БОЛСА, ОЛ ДА СОНДА
3. СУҚҰЙҒЫШ
Суқұйғыштар еркіндікті, даралықты бәрінен биік қояды. Егер біреу оларды шектесе, басқаруға тырысса немесе «дәл осылай істе» десе, бірден қарсылық көрсетеді. Олар үшін дау – өз ұстанымын қорғау. Ішкі бүлікшіл рухы – басты қозғаушы күші.
Екінші жағынан, олардың стандартқа сыймайтын, әдеттен тыс көзқарасы да түсінбеушілік пен қақтығысқа жиі ұшыратады. Әсіресе дәстүрлі, қатаң көзқарастағы адамдармен тіл табысуы қиын.
2. ТОҚТЫ
Тоқтылар – ең қызуқанды жандар. Олар қақтығыстан қорықпайды, керісінше, оны қажетті құрал ретінде көреді. Кез келген сәтте ұрысқа дайын. Ашуы тез тұтанады, тіл ұшына келген сөзін ірікпейді.
Ашуы ащы болғанымен, ұзаққа бармайды. Бірден жарылып, тез басылады. Қарсыласына не ойлайтынын бірден айтып тастайды да, өз ісімен кете береді.
Қақтығыс – лидерлік күресінің бір бөлігі. Олар өз көзқарасын қорғап қана қоймай, басқалардың еркіндігіне де жол бермейді. Бұл – лидерлікке ұмтылу мен үстем болуға талпыныстан туады.
1. САРЫШАЯН
Сарышаяндар – жұлдыз белгілері арасындағы ең қауіпті қарсылас. Олар үшін жанжал – жай сөз тартысы емес, ішкі психологиялық соғыс. Егер қарсыласа қалсаң, біраз уақыт үнсіз қалуы мүмкін, бірақ кейін міндетті түрде жауап береді. Сен күтпеген сәтте.
Әсіресе, жақындарын қатты қорғайды. Егер біреу оның отбасын ренжітсе, сезімін аяқасты етсе немесе беделіне нұқсан келтірсе, мұны ешқашан ұмытпайды. Қарсыласын жан-жақты зерттеп, әлсіз жерін және соққы беру әдісін анықтаған соң барып іске кіріседі. Кекшіл, кешірімсіз. Ашуы жасырын, бірақ өте қауіпті.
Аударған: А. Бектұрғанова,
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ:
Қатты шаршағаннан кейін энергияңызды қалпына не келтіре алады?