Есіміңіздің ТҮСІ мен ЭНЕРГИЯСЫ қандай екенін білесіз бе?

0
185

Энергияңызды дұрыс арнаға бағыттаңыз


Есіміңіздің ТҮСІ мен ЭНЕРГИЯСЫ қандай екенін білесіз бе?

Сурет: i.pinimg.com

Адамға аты бекерден-бекер таңдалмайтынын, есімнің өзінде талай құпия сақталатынын нумерологтар мен эзотериктер көптен айтып келеді. Әрбір есімнің өзіндік ерекше энергетикасы мен түстік вибрациясы болады деп есептеледі. Ол адамға белгілі бір қабілеттер мен мүмкіндіктер сыйлайды. Алайда бұл қабілеттерді ашу және дамыту әр адамның өз қолында.

Әліпбидегі әрбір әріп белгілі бір түспен байланысты. Оны анықтау үшін алдымен төмендегі кестеге қарай отырып, өз атыңыздағы әріптердің сәйкес санын табу керек.

А, Ә, И, С

1

Б, Й, Т, Ы

2

В, К, Қ, У, Ұ, Ү, Ь

3

Г, Ғ, Л, Ф, Э

4

Д, М, Х, Ю

5

Е, Н, Ң, Ц, Я

6

Ё, О, Ө, Ч

7

Ж, П, Ш

8

З, Р, Щ

9

Сандарды тізіп жазып, бір-біріне қосып, біртаңбалы нәтиже шығарамыз. Есептеу мысалы

  • ҚАНАТ. Қ – 3, А – 1, Н – 6, А – 1, Т – 2. Демек: 3+1+6+1+2= 13 1+3=4
  • ГҮЛМИРА.Г – 4, Ү – 3, Л – 4, М – 5, И – 1, Р – 9, А – 1. Демек: 4+3+4+5+1+9+1=27 → 2+7=9

Нәтижеде шыққан соңғы санды 2-кестеден іздеп, сәйкес түсін біліңіз.

1

ҚЫЗЫЛ

2

ҚЫЗҒЫЛТ САРЫ

3

САРЫ

4

ЖАСЫЛ

5

КӨГІЛДІР

6

КӨК

7

КҮЛГІН

8

АЛҚЫЗЫЛ

9

АЛТЫН ТҮСТЕС

Айталық, жоғарыдағы мысалға сәйкес, «Қанат» есімінің нәтиже саны – 4, демек оның энергетикалық түсі – ЖАСЫЛ. Сол сияқты, «Гүлмира» есімінің нәтиже саны 9 болғандықтан, энергетикалық түсі – АЛТЫН ТҮСТЕС деп аламыз.

Мысалдарда келтірілгендей есеп жасап, өз есіміңіздің энергетикасын қандай түс бейнелейтінін анықтап болсаңыз, төменнен оның мән-мағынасын ашып түсіне аласыз. Біліп алыңыз да, энергияңызды дұрыс арнаға бағыттаңыз.

ҚЫЗЫЛ

Қызыл – құштарлықтың, энергия мен күштің түсі. Бұл түске сәйкес есім иелері нағыз «отты» жандар. Олар айналасына жарық шашып, өзіне назар аударта білетін шам секілді. Өзіне сенімді, мақсатқа ұмтыла білетін, харизмасы өте күшті. Эмоциясы оттай лап етіп, тез тұтанып кетуі мүмкін. Мінезінде билікқұмарлық, кейде тіпті әміршілдік те байқалады. Олар ымыраға келе бермейді, өз қалауымен өмір сүргенді ұнатады. Олардың өмірі үнемі қозғалыс, күрес және биік шыңдарға ұмтылыстан тұрады. Бір мезетте тыныш жүр дегенмен, кез келген сәтте энергия мен жігері атқылай алатын «жанартаулар».


ҚЫЗҒЫЛТ САРЫ

Қызғылт сары – күннің, жылудың және шығармашылықтың түсі. Бұл түске ие есім иелері – эмоцияға толы нағыз «отшашулар». Айналасына жылу мен қуаныш сыйлайтын күн сәулелері. Үйі әрдайым күлкі мен жайлылыққа толы. Көңілді, ашық, өзгелерді ерекше мінезімен таңғалдырады. Жақындары олармен ешқашан іші пыспайтынын жақсы біледі. «Қызғылт сарылар» жалпы стандартқа сай болғаннан, ережеге бағынғаннан гөрі, өз қағидасын орнатқанды жөн көреді. Өмірге стандарттан тыс көзқарасы мен жарқын киім үлгісі оларды әрдайым басқалардан ерекшелеп, көзге тез түсіреді. Осындай жеңіл, жарқын көрінетін мінезінің артында қиын сәтте қолдау көрсетуге дайын жан, нәзік бола тұра, мықты күш жасырынып жатады.


САРЫ

Сары – ақылдың, оптимизмнің және ішкі жарықтың түсі. Сондықтан айналасының бәріне жылу мен жарық тарататын күн шуағы секілді.

Бұл түске сәйкес есім иелері терең ойлы, зерек болып келеді. Олар жаңа әрі қызықты дүниені бойына сіңіретін сорғыш іспетті. Білімді тез меңгереді. Осындай жаңаны үйренгіштігі оларды мықты әрі ерік-жігерлі, рухани бай тұлға етеді. Жасырынғанды көріп қоятын, астарын сезіп қалатын байқампаздығы бар. Бәрін бақылауда ұстағанды ұнатады. Көбіне ортаның көркіне айналып, өзгелерге позитив энергия сыйлайды.

«Сарылардың» ішкі әлемі – кемелдікке ұмтылған үздіксіз күрес. Сол себептен олардың өмірі үйлесім мен тепе-теңдікті іздеумен өтеді.


ЖАСЫЛ

Жасыл – табиғаттың, үйлесім мен өмірдің түсі. Бұл түстегі есім иелері «айналаңа зиян келтірме» қағидасымен өмір сүреді. Олар – ешқандай қайтарым талап етпей-ақ, көлеңке мен жеміс сыйлайтын ағаш секілді. Қамқор, еркіндікті сүйеді және әлсіздерді қорғауға әрдайым дайын. Үйі қонаққа ашық, жүрегі көмекке мұқтаж жандарға толы. Өмірі – өзгелерге қамқорлық пен өзін-өзі дамыту арасындағы тепе-теңдік.

Практикалық ойлау қабілетіне ие. Ресурстарды дұрыс қолдану, мүмкіндіктерді ұтымды пайдаланудың шебері. Осы жөнінде кеңес сұрағандарға құнды ақыл айта алады. Ескі заттардан пайдалы әрі әдемі дүниелер жасй алатын қабілеті шығармашыл тұлға екенін көрсетеді.


КӨГІЛДІР

Көгілдір – даналықтың, рухани байлықтың және шексіз аспанның түсі. Бұл түстегі есім иелері – өмірдің терең мәнін іздейтін философтар. Қоршаған ортаға бере алар сыйы – ағартушылық қызмет және адамдарды шабыттандыру. Үйі көбіне кітаптарға, суреттерге немесе музыкалық аспаптарға толы. Себебі әрдайым білімін толықтыруға, өзін-өзі танытуға ұмтылады. Саяхаттауды сүйеді, әлемнің әр бұрышынан сұлулық көре біледі.


КӨК

Көк – күштің, тыныштықтың және тереңдіктің түсі. Бұл түске сәйкес есім иелері бейбітшілік пен үйлесімді аңсайтын гуманистер. Олар бірде жайлы, бірде асау тайдай тулай алатын теңіз секілді. Мінезінде жауынгердің күші мен ізгі жанның жұмсақтығы қатар ұштасқан. Бірақ өз қағидаларынан ешқашан бас тартпайды. Жауапты, қамқор, әділдік үшін күресуге әрдайым дайын.

«Көктер» – жол таппай қалғандарға бағыт көрсететін шамшырақтар. Негізгі миссиясы – өзгелерге қызмет ету.


КҮЛГІН

Күлгін – құпияның, интуицияның және рухани ізденістің түсі. Бұл түстегі есім иелері әлемге ерекше көзқарасы бар интроверттер. Тұйық болғанымен, ішкі әлемі бай әрі терең. Интуициясы оларға дұрыс шешім қабылдауға және жақындарын қолдауға көмектеседі. Олар талай жұмбақты ішіне жасырған тылсым тұлғалар.


АЛҚЫЗЫЛ (қызғылт)

Қызғылт – нәзіктіктің, мейірімділіктің және қамқорлықтың түсі. Бұл түстегі есім иелері әрдайым көмекке әзір жандар. Мінезі жұмсақ, бірақ өзін қорғау керек жерде қаттылық көрсете біледі. Сезімталдығы оларды тамаша тәрбиеші әрі адал дос етеді.

«Алқызыл» жандар – қуаныш пен жылу сыйлайтын гүлдер секілді. Үміт пен жұбаныш сыйлайтын көктемгі самалға да теңеуге болады. Үйі де, көңілі де махаббат пен жайлылыққа толы, жақындарын әрдайым құшақ жая қарсы алады.


АЛТЫН ТҮСТЕС

Алтын – табыстың, көшбасшылықтың және ұлылықтың түсі. Бұл түстегі есім иелері өзіне сенімді, мақсаткер тұлғалар. Олар көздегеніне қол жеткізуге дағдыланған. Көшбасшылық қабілеті мен жауапкершілігінің арқасында кез келген салада таптырмас маман болады. Олар өзгелерге жөн сілтеп, жол көрсетуде жаңылмайды.

Аударған: А. Мейірханқызы,

ERNUR.KZ