​Әйел сыры: «Бірінші күйеуіммен дәрет алмайтыны үшін ажырасып кеткенмін»

0
30 899

Ең ақыры, төсектегі тірлігінен соң барып дәрет алып келуді білмеген соң ондай адаммен бірге тұрып не қайыр?


​Әйел сыры: «Бірінші күйеуіммен дәрет алмайтыны үшін ажырасып кеткенмін»

фото: sochi.com
Осы әңгімесін айтып берген әйелдің жан сырын шашқым кеп отырған жоқ. Естігенде, «өмірде ондай да адамдар бар ма?» деп таңданып қалғаныммен қоғамдық көлікте, жалпы, еркектердің бойынан тазалықтың белгісі білінбей тұрғанын байқаған сәттерім есіме түскен.

Мұны да жазбас па едім, күнде кешкісін подъезде көрші келіншектің күйеуімен ұшырасып қаламын. Бас изеп амандасып өткен оның жанынан өткен сайын жуынбаған адамның үстінен шығатын күлімсі иіс қолқамды қабады. Иіске тыжырая қалатын «өте жаман қасиетім ғой сол» деп өзімнен көріп жүрсем, алты жастағы балам да «Анашым, осы көрші көке неге сасып жүреді?» дегенде ойланайын дедім. Оның үстіне сонау бір кездері күйеуінен жуынбайтындығы, былайша айтқанда, өз денесіне салақтығы үшін ажырасып кеткен Д. есімді әйелмен болған әңгіме есіме түсе берді.

«... - Артық кетсем кешірерсің, не үшін ажырастың бірінші күйеуіңмен? – деп сұрадым одан. Өзі қайта-қайта ажырасқанын тілге тиек ете берді.

- Айтсам, сен де «есі дұрыс па?» деуің мүмкін... Төсекке жатарда да, шаруасын бітірген соң да жуынбайтындығы үшін...

Мынадай жауапты күтпеген мен оған таңдана қарап қалғанымды жасыра алмадым. Оған мен құсап талай адам қарап қалса керек, міз баққан жоқ. Қайтесің дегендей отыра берді.

- Тікелей мағынада ма? Мүлдем жуынбай ма?

Сұрағымның орынсыз екенін өзім де сезіп тұрмын. Бірақ өмірімде «күйеуім жуынбайды, сол үшін ажырастым» деген адамды кездестірмеппін.

- Айналайын-ау, ұят та болса айтайыншы. Ең ақыры, төсектегі тірлігінен соң барып дәрет алып келуді білмеген соң ондай адаммен бірге тұрып не қайыр? Мен оны қайта тәрбиелеу үшін тұрмысқа шыққаным жоқ қой. Ашығын айтқанда, «бала жасайтын» құралын таза ұстамаған соң одан ертең сау бала туыларына сенбедім.

Содан соң да құдай бізге екі жыл бірге тұрғанымызда бала бермеген болар. Әйтеуір, аяғым ауырлай қоймады. Сол екі жылдың ішінде өзім соңынан қуалап жүріп жас баладай жуындырып алушы едім. Дәрет суды дайындап қоямын. Бірақ сол дайын сумен жуынуды естен шығарып, бетін бір шаятын да қоя салатын. Анасына айтып та көрдім. «ой, бала кезінен шомылғанды жек көреді» дегенде айтарға сөз таппай қалады екенсің...

Тіс жуу дегенді айтпай-ақ қояйын. Моншаға айына барса барды, бармаса салқын сумен шайынып алып жүре береді. Онда да қатты бір лас жұмыс істесе ғана. Шашы майланып кеткен соң одан шығатын иісті қазір мен есіме алғым келмейді...

- ...Оған қалай тұрмысқа шықтың сонда?

- Екеуміз де жүріңкіреп барып отау құрдық қой. Бізді таныстырғанда таптай секілді еді. Ақ көйлек киіп келетін. Үш-төрт рет кездестік те, үйлендік. Бірақ оны осынша салақ деп ойламаппын.

Ішкиімін мен айтқанша ауыстырмайтын. Басында «еркелігі» деп ойладым. Кейіннен жуынбау – оның әдеті екендігіне көзім жетті. Бір жыл үстінен шығатын сасық иіске «жақсы болып кетеді» деп өзімді күштеп әзер шыдадым. Ең жаманы – түнде... Терлегенде, қолаңса иіс қоса шығып жатса, ол төсектен қандай ләззат аласың?! Екі қолымды төбеме қойып, бүйткен күйеуі құрсын деп безіп кете жаздадым. Екінші жылым жылаумен, соған бола ұрсумен, оны алдарқатып сол жаман әдетін тастатамын деп алысумен өтті. Соңында осы бір сырымды ешкімге айта алмай себепсіз төркінге кетіп қала беруші едім.

Олар да мені түсінген жоқ. «Жап-жақсы, моп-момын күйеуің бар... Сенікі дұрыс емес», деп жеңгелерім де сөкті. Бар сырымды болмаған соң анама айттым. Сонда ғана түсінгендей болғанмен, білесің ғой. Бізде қазақта ол ажырасуға себеп емес.

Бірақ соншалықты салақ еркекпен бір төсекте өмір бойы жату, оның моншаға түскенін күту мен үшін азап болып көрінді. Ашығын айтайын, мен үшін ауылда тұру, сиыр сауып, күбі пісу, таңнан кешке дейін кез келген әйел атқаратын шаруалар түк те қиын емес еді. Тіпті, біреумен жүз шайысып ұрыспадым да... Ең азабы – онымен төсекке жатқым келмейтін дәрежеге жеттім. Кейде төсегімді алып енемнің қасына барып жатқым келетін. Өйтетін болсам, ол не дейді?

Жаныма жолатпай қойдым... Қолтықтан шыққаны бар, денедегі тердің иісі... Оған темекінің иісі қосылғанда тұншығып өліп қала жаздайтынмын. Дезодорант, иіссу дейсің бе, бәрін әпердім. Пайдаланбайды... Иісін ұнатпайды. Өзінің үстінен шыққан иісті сезбей ме?

Не керек, бір күні бәрін айттым да, кетіп қалдым. Соңымнан келсе де қайырылмадым, шешемнің үйінен де кетіп, көзімді жоғалттым...

- Мына балалар... – Ол көзімнен оқыды сұрағым келгенін.

- Екінші рет күйеуге тидім. Ажырасқан екен, бір-бірімізге бар шынымызды айтып үйлендік. Шүкір, екі баламыз өсіп келеді.

- Біріншімен салыстырғанда...?

- Сен де айтасың-ау... Құдайға шүкір, бұл күйеуім үстіне таза қарайды. Жуынбай төсекке жақындамайды. Күніне тісін екі рет жуады. Тіпті, шашым орамалдың астында екі күн жуылмай қалса, жаратпайды. Міне, еркек деген осындай болуы керек қой. Әйел сияқты емес, еркек көп қимылдайды, терлейді. Ұдайы жуынбаса, адам қасына жолмастай иістер шығып кетеді.

Кейде автобустарда мен де көремін салақ еркектерді. Тістерін қашан жуғаны белгісіз, үстерінен шыққан иісті айтпай-ақ қояйын. Сондайда бірінші күйеуім еске түсіп кетеді. Алла мені кешірсін, ол да үйленіпті. Келіншегіне сабыр берсін деп тілеймін...»

Мына әңгімені естігенде «шок» болдым. Әйелдің ажырасып кеткеніне емес, өмірде жуынуға селқос қарайтын еркектердің барлығына... Неке төсегіне жатарда, ашығын айтқанда, ең бір тазалықты қажет ететін «іске» дайындықсыз, дәрет алмай кірісетін еркектің бар екендігіне...

Жайнаған Байтұрым,

ERNUR.KZ