260 адамның өмірін қиған апатқа пилот кінәлі ме – Үндістандағы трагедияның алғашқы тергеу деректері жария болды

0
135

​Air India басшысы әлем жұртын қорытынды жасауға асықпауға шақырды.


260 адамның өмірін қиған апатқа пилот кінәлі ме – Үндістандағы трагедияның алғашқы тергеу деректері жария болды

Фото: DW

ERNUR.KZ. Air India әуе компаниясының бас директоры Кэмпбелл Уилсон Ахмадабадтағы ұшақ апатына қатысты тергеу әлі жалғасып жатқанын мәлімдеді. Бұған дейін Үндістан азаматтық авиациясының апаттарды зерттеу бюросы (AAIB) алғашқы тергеу деректерін жариялаған еді, деп жазады azattyq-ruhy.kz.

Онда Boeing 787 Dreamliner ұшағы апатқа ұшырар алдында ұшқыштар кабинасында жанжал болғаны айтылған. Сонымен қатар, ұшақтың екі қозғалтқышындағы отын беру тетіктері істен шығып, қозғалтқыштардың отынсыз қалғаны атап өтілген.

Кэмпбелл Уилсонның сөзінше, бұл деректер қосымша сұрақтар тудырып отыр.

«Алдын ала есепте апаттың нақты себебі аталған жоқ және ешқандай ресми ұсыныс та айтылмаған. Сондықтан бәріңізді асығыс тұжырымнан аулақ болуға шақырамын. Тергеу әлі толық аяқталмады», – деп ескертті ол.

AAIB таратқан мәліметке сәйкес, Dreamliner ұшағы Ахмадабадтан Лондонға бағыт алған. Алайда әуеге көтерілгеннен кейін көп ұзамай ұшақ төмендей бастаған. Зерттеуде техникалық немесе механикалық ақаулар анықталмағаны және ұшаққа қажетті барлық техникалық қызметтің уақытында көрсетілгені де айтылған.

Апат кезінде ұшақ бортында болған 242 адамның барлығы, жерде жүрген тағы 19 адам қаза тапқан. Тек бір жолаушы ғана тірі қалды. Тергеуді Үндістанның азаматтық авиация министрлігіне қарасты орган жүргізіп жатыр.

Осы қайғылы оқиғадан кейін Air India компаниясының жұмысы сынға ұшырады. 4 шілде күні Еуропалық ұшу қауіпсіздігі агенттігі (EASA) Air India Express лоукостері жайлы тергеу жүргізетінін мәлімдеді. Бұған дейін Reuters агенттігі Airbus A320 ұшағына қатысты қозғалтқыш бөлшектерінің уақтылы ауыстырылмағаны және қызмет көрсету бойынша жалған құжаттар ұсынылғаны жөнінде ақпарат таратқан еді.

Сонымен қатар, халықаралық пилоттар федерациясына мүше ALPA India пилоттардың қателігіне қатысты болжамды жоққа шығарып, «фактілерге негізделген әділ тергеу» қажет екенін мәлімдеді.

Еске сала кетейік, бұл соңғы жылдардағы Үндістан тарихындағы ең ауыр авиациялық апаттардың бірі болып отыр.