АҚШ президенті Путин мен Зеленскийдің келіссөзіне қатысудан бас тартты

0
126

Ол тек кездесуде не болатынын көргісі келетінін айтқан.


АҚШ президенті Путин мен Зеленскийдің келіссөзіне қатысудан бас тартты

Фото: Украина президентінің кеңсесі/Getty Images /Bill Pugliano/kremlin.ru

ERNUR.KZ. Дональд Трамп Ресей мен Украинаның келіссөзіне тікелей өзі қатыспайтын болды. Әкімшілік жағдаймен таныс шенеуніктер президенттің Путин мен Зеленскийдің кездесуін ұйымдастыруға ниетті екенін айтты, деп жазады stan.kz.

Трамптың ойынша, соғысты аяқтаудағы келесі кезең – Ресей президенті Владимир Путин мен Украина президенті Владимир Зеленскийдің екіжақты кездесуі. Ол кеңесшілеріне екі ел басшылары жеке кездесуінен кейін ғана, үшжақты кездесу өткізуді жоспарлап отырғанын айтқан. Дегенмен алғашқы кездесудің қашан өтетіні әзірге белгісіз, ал оған қатысуға Трамптың ниеті жоқ.

WABC арнасындағы ток-шоу жүргізушісі Марк Левинге берген телефон сұхбатында Трамп Путин мен Зеленскийдің өзара кездескені дұрыс болатынын айтты.

“Мен тек кездесуде не болатынын көргім келеді. Олар қазір бәрін дайындап жатыр, ал біз соның нәтижесіне куә боламыз”, – деді ол.

АҚШ президенті кейінгі күндері екі ел арасындағы соғысты тоқтату өзі ойлағандай оңай емес екенін мойындады. Путин мен Зеленскийді кездесуге итермелеуге құлық танытпауы да осыған байланысты болса керек.

“Трамп пен оның ұлттық қауіпсіздік жөніндегі командасы қантөгісті тоқтатып, соғысты аяқтау үшін екіжақты кездесу өткізу мақсатында Ресей және Украина ресми тұлғаларымен келісіп жатыр. Бұл мәселелерді әрі қарай жария түрде талқылау ұлттық мүддеге сай келмейді", – деп мәлімдеді Ақ үй.

Ақ үйдегі кездесуден кейін Трамп Путинмен шамамен 40 минуттай телефон арқылы сөйлесті. Ресей президентінің сыртқы саясат жөніндегі көмекшісі Юрий Ушаков кейінірек екі ел басшылары Ресей мен Украина арасындағы тікелей келіссөздер үшін жоғары деңгейдегі өкілдерді тағайындауға келіскенін мәлімдеді.

Бұл мәлімдеме екіжақты кездесу жақын арада бола қоймайтынын аңғартты. Дегенмен НАТО бас хатшысы Марк Рютте оның екі апта ішінде өтуі мүмкін деген болжам жасады. Алайда Путин соғыс басталғалы бері Зеленскийдің бетпе-бет кездесуге қатысты алдыңғы ұсыныстарын қабылдамаған еді.

Дүйсенбі кешке Ақ үйдегі кездесулерден кейін өткен баспасөз мәслихатында Зеленский еуропалық көшбасшылардың Трамппен кездесуі кезінде кез келген бейбіт келісімде Украинаға қауіпсіздік кепілдігін беру мәселесі талқыланғанын айтты. Бұл кепілдіктер Ресейдің қайтадан басқыншылық әрекетке бармауын қамтамасыз етуге тиіс.

Трамп өз тарапынан қауіпсіздік кепілдігіне үлес қосуға ұсыныс білдірген. Бірақ содан бері АҚШ әскерін Украинаға жер үсті күштері ретінде орналастыру мүмкіндігін жоққа шығарды. АҚШ барлау деректерін алмасып немесе әуе қолдауын ұсынып қана көмектесуі мүмкін.

Бұған дейін Трамптың арнайы өкілі Стив Виткофф CNN арнасындағы бағдарламада Аляскада өткен Трамп пен Путин саммитінен кейін, Путин АҚШ-тың Украинаға НАТО Жарғысының 5-бабындағы ұжымдық қорғанысқа ұқсас қауіпсіздік кепілдіктерін ұсынысына келіскенін мәлімдеді.

“АҚШ Украинаға 5-бапқа ұқсас қорғаныс ұсына алады. Біз осындай ымыраға келдік. Бұл – Украинаның НАТО-ға қосылғысы келуінің негізгі себептерінің бірі”, – деді Виткофф.