Әлем елдері коронавирустың екінші толқынымен қалай күресуде?

0
473

Қазір әсіресе, Франциядағы жағдай күрделі.


Әлем елдері коронавирустың екінші толқынымен қалай күресуде?

ERNUR.KZ. Коронавирус індетінің таралуы Еуропа елдерінде қарқын алып барады, деп хабарлайды «Хабар 24».

Қазір әсіресе, Франциядағы жағдай күрделі. Ақпарат көздерінің хабарлауынша, онда бір тәуліктің ішінде 50 мыңнан астам адам індеттің ілмегіне іліккен.


– Еуропада коронавируспен күрес әлсіреп тұр. Кейбір саладағы жұмыс қожырап кетті. Науқастардың саны күн санап артып барады. Жағдайды қатаң бақылауға алу үшін шұғыл тиісті шаралар қабылдануы тиіс, - деді ДДСҰ төтенше жағдайлар бойынша атқарушы директоры Майк Райан.


Бельгиядағы эпидемиологиялық ахуал да мәз емес. Онда коронавирусқа шалдыққан науқастардың жалпы саны 10 мыңнан асты. Әлем бойынша өңірде жан басына шаққандағы өлім-жітімнің ең жоғары көрсеткіші тіркелген. Осыған орай билік аймақтағы барлық жоғарғы оқу орнын, мәдени және діни ғимараттардың жұмысын уақытша тоқтатты.

Италияда да вирус дес бермей тұр. Алайда жергілікті биліктің шектеу шараларын қатаңдату туралы ережесіне италиялықтар наразылық танытып ереуілдетіп жатыр. Турин қаласында жиналған жұрт Үкіметтен барлар мен мейрамханалардың жұмысын жалғастыруын талап етті. Наразылық акция тәртіпсіздікке ұласты. Ашуға бой алдырғандарды полиция көз жасаурататын газбен тарқатпақ болған.

АҚШ-тағы жағдай да мәз емес. Жергілікті билік кей өңірлерде коменданттық сағат енгізді. Сонымен қатар демалуға арналған саябақтар мен қоғамдық орындар екі аптаға жабылды.