Әлемде COVID-19 жұқтырғандар 14 миллионнан асты

0
623

Дерт АҚШ, Бразилия, Үндістан, Ресей мен Оңтүстік Африка Республикасында дендеп барады.


Әлемде COVID-19 жұқтырғандар 14 миллионнан асты

Әлемде коронавирусты жұқтырғандар саны 14 миллионнан асып кетті, деп хабарлайды «Хабар 24».

600 мың науқас көз жұмған. 8 миллион 700 мыңнан аса адам індеттен айығып шыққан.

Дерт әсіресе АҚШ, Бразилия, Үндістан, Ресей мен Оңтүстік Африка Республикасында дендеп барады.

Мәселен, АҚШ-та ауруға шалдыққандар 4 миллионға таяп қалса, Бразилияда 2 миллионнан, ал Үндістанда бір миллионнан асты.

– Коронавирус тез тарап барады. Сондықтан қауіпсіздік шараларын қатаң сақтауымыз қажет. Қазір Үндістанда расталған деректер саны миллионнан асады. Ал егер тұрғындар ескертуді елемесе, бұл санның 10 миллионға дейін баратын түрі бар, - деді Нью-Дели тұрғыны Шрешта.


Таяу Шығыстағы жағдай да мәз емес. Мәселен, Израильде расталған деректер саны 50 мыңнан асып кетті. Сарапшылар мұнда коронавирустың екінші толқыны басталғанын айтады. Осы ретте елде шектеу шаралары күшейтілді. Сөйтіп мұнда спорттық залдар, бассейн мен би студиялары жабылды. Мейрамханада отырып, тамақтануға болмайды. Дайын тағамды өзімен бірге әкетуге ғана рұқсат. Ал 24 шілдеден бастап Израиль жағажайларында демалуға тыйым салынады.