Ауғанстан тарапынан атылған оқтан Тәжікстан азаматшасы қаза тапты

0
184

Терезеден кірген оқ оның бауыр тұсына тиген.


Ауғанстан тарапынан атылған оқтан Тәжікстан азаматшасы қаза тапты

Фото: fergana.news

ERNUR.KZ. Жергілікті БАҚ хабарлауынша, Тәжікстан Ауғанстан билігіне республиканың әуе кеңістігінің бұзылуына, жергілікті тұрғын үйлерге зақым келтірілуіне және Дарваз ауданында бір бейбіт тұрғынның қаза табуына байланысты наразылық нотасын жолдады, деп жазады inform.kz.

Оқиға 13 тамызда шамамен сағат 18:40–та болды. Жасмина Ятимзода сол кезде үйінде шаруасымен айналысып жатқан. Терезеден кірген оқ оның бауыр тұсына тиген.

Тәжікстан президенті баспасөз қызметінің мәліметінше, 2026 жылдың 14 тамызында таңертең Эмомали Рахмон Дарвоз ауданының төрағасымен телефон арқылы сөйлесті. Президент әйелдің отбасына көңіл айтты.

Президент оның отбасына материалдық және моральдық қолдау көрсетуді, сондай-ақ жас баласын тәрбиелеу процесін бақылауды тапсырды. Тиісті органдар оқиғаға қатысты тергеу амалдарын бастады.

Ауғанстанның Бадахшан провинциясының шекаралас аймақтарында, әсіресе Тәжікстанның Дарваз облысымен шекаралас аудандарда соңғы күндері болған қарулы қақтығыстар республиканың шекаралас аумақтарының қауіпсіздігіне қауіп төндіріп, халықаралық құқық нормаларының бұзылуына әкелді.