Автобус жүксалғышындағы чемоданнан 2 жасар бала табылды

0
131

Автобус жүргізушісі аялдамада тоқтаған кезде жүксалғышта қозғалып жатқан чемоданды байқап қалған.


Автобус жүксалғышындағы чемоданнан 2 жасар бала табылды

ERNUR.KZ. Жаңа Зеландияда 2 жасар баланы чемоданға салып, автобустың жүксалғышына тастаған әйел ұсталды, деп жазады baq.kz.

Басылым мәліметінше, чемоданнан табылған қыз бала аман. Алайда оған қатыгездік танытып, қараусыз қалдырған әйел қамауға алынды.

Оқиға Оклендтің солтүстігіндегі Кайвак елді мекенінде болған. Автобус жүргізушісі аялдамада тоқтаған кезде жүксалғышта қозғалып жатқан чемоданды байқап қалған.

Жолаушылардың бірі жүксалғышқа өтуді сұраған кезде жүргізуші бір чемоданда қозғалыс бар екенін көріп, күдіктенген, - дейді детектив-инспектор Саймон Харрисон.

Жүргізуші чемоданды ашқанда, ішінен 2 жасар қыз бала шыққан. Ол қатты ыстықтап кеткен. Бірақ, денсаулығына зиян келмеген.

Баланың жүксалғышта қанша уақыт болғаны және автобус қандай бағытта жүргені жарияланған жоқ.

Сәби ауруханаға жеткізіліп, жексенбі кешке дейін сонда болды.

Күдікті әйелге кішкентай балаға қатыгездік көрсету және қараусыз қалдыру бойынша айып тағылды. Ол дүйсенбі күні сот алдында жауап береді, - деп жазады басылым.

Полиция күдіктінің есімін жарияламады.

InterCity автобус компаниясы оқиғаның өз автобустарының бірінде болғанын растады. Компания 3 жасқа дейінгі балалар үшін жолақы алмайтынын атап өтті.