Арменияның сыртқы істер министрлігі де шекараны делимитациялау саласында ілгерілеу барын атап өтіп, сенімді нығайту мен қарым-қатынастарды қалыпқа келтіру мақсатында келіссөздерді жалғастыруға дайын екенін растады.
Фото: Әзербайжан президентінің баспасөз қызметі
ERNUR.KZ. Әзербайжан президенті Илхам Әлиев пен Армения премьер-министрі Никол Пашинян Әбу-Дабиде кездесті, деп жазады Ulysmedia.kz.
10 шілдеде өткен кездесуден кейін тараптар кездесу сәтті өткенін мәлімдеді. Әзербайжан сыртқы істер министрлігі:
" Сындарлы өткен кездесуде екі ел арасындағы бейбіт күн тәртібіне қатысты кең ауқымды мәселелер талқыланды ", – деп хабарлады.
Әзербайжан СІМ мәлімдемесінде тараптар негізгі назарды мемлекеттік шекараны делимитациялау мәселесіне аударғаны, екі елдің басшылары осы бағытта қол жеткізілген прогресті оң бағалап, тиісті мемлекеттік комиссияларға бұл жұмысты жалғастыруды тапсырғаны айтылған.
Арменияның сыртқы істер министрлігі де шекараны делимитациялау саласында ілгерілеу барын атап өтіп, сенімді нығайту мен қарым-қатынастарды қалыпқа келтіру мақсатында келіссөздерді жалғастыруға дайын екенін растады.
" Тараптар арасындағы екіжақты келіссөздер – қалыпқа келтіру процесіне қатысты барлық мәселелерді талқылаудың ең тиімді форматы, және де осы негізге сүйеніп, нәтижеге жетуді көздеген мұндай диалогты жалғастыру туралы шешім қабылданды ", – делінген Армения СІМ мәлімдемесінде.
Бұған қоса, кездесуде Зангезур дәлізін ашу және дамыту, екі ел арасында бейбіт келісімге қол қою және басқа да маңызды мәселелер талқыланған.
Илхам Әлиев пен Никол Пашинян бұған дейін биыл мамырда Тирана қаласында Еуропалық саяси одақ саммиті аясында кездескен. Наурызда тараптар бейбіт келісім мәтіні бойынша уағдаластыққа келді. Бірақ Қарабақ жанжалын реттеу және аймақ мәселелері бойынша келіспеушіліктерге байланысты оған әлі күнге дейін қол қойған жоқ.