​Талдан түскен ЖАПЫРАҚТАРДЫ өртемей, ПАЙДАҒА ЖАРАТУҒА болады

0
125

Аулада өртесеңіз, айыппұл арқалайтыныңызды білетін боларсыз?


​Талдан түскен ЖАПЫРАҚТАРДЫ өртемей, ПАЙДАҒА ЖАРАТУҒА болады

Сурет: ЖИ

Ауласында ағаш өсіретіндердің әр күздегі басты мәселесінің бірі – талдан түскен жапырақтар. Қазір ғана сыпырып, жинап шықсаң, артынша жер бетін қайта жауып жатады. Бұрындары оларды жинап, бір жерге үйіп, өртеп құтылатынбыз. Ал қазір жеке аулада да өрт тұтандыруға тыйым салынады.


Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес, жеке аулада да, ортақ аумақта да қоқыс, жапырақ немесе құрғақ шөп өртеу заң бұзушылық болып табылады және 5 АЕК-тен 20 АЕК-ке дейін айыппұл салуға әкеп соғады. Егер бұл әрекет өрт қауіпті кезеңде (мысалы, өртке қарсы арнайы режим кезінде) жасалса, айыппұл мөлшері артуы мүмкін.


Күзгі ылғал жапырақтар жанғанда пайда болатын қою түтін құрамында адам денсаулығына зиянды канцерогенді заттар мен улы газдар бөлінеді. Ашық оттан жел арқылы көршілес құрылыстарға, шарбақтарға немесе ағаштарға өрт ауысу қаупі өте жоғары. Сондықтан, тек айыппұл арқаламау үшін ғана емес, өз өміріңіздің қауіпсіздігі үшін де өртеуден бас тартқан абзал.

Өкінішке қарай, талдан түскен жапырақтар, кесілген бұтақтар, өсімдік қалдықтары тұрмыстық қалдықтарға жатпайды. Сондықтан коммуналдық қоқыс тасымалдау қызметі де әкетуге міндетті емес. Мұндай қалдықтар әдеттегі тұрмыстық қоқыс контейнерлеріне тасталмауы тиіс.


Егер жапырақтарды контейнерге немесе көшеге тастаса, бұл үшін де 20 АЕК көлемінде айыппұл жазылуы мүмкін.


Ал енді төбе боп үйілген жапыраққа қарап «Мынаның бәрін қайда жіберсем екен?» деген сұрақ туады. Негізінде елді мекендердің аумағын сақтау және абаттандыру ережелеріне сәйкес, жиналған күзгі жапырақтар арнайы бөлінген полигондарға немесе компосттау алаңдарына тасымалдануы тиіс. Ол үшін қоқыс тасымалдайтын мекемемен немесе жеке жүк тасымалдаушылармен жеке келісіп, жапырақтарды арнайы полигонға тасу үшін бөлек ақыға көлік шақыру керек. Немесе жапырақтарды ешқайда жібермей-ақ, өз кәдеңізге жарата аласыз. Ол үшін бірнеше нұсқа ұсынамыз.

Аулада қазылған арнайы шұңқырға немесе қаптарға жинап, құнарлы өсімдік шіріндісіне (компостқа) айналдыру – тиімді әрі заңды жол. Алдымен жапырақтарды 3 топқа бөліп алыңыз.

1-топқа – сау жапырақтар. Дағы, тұрып қалған қақ немесе тат сияқты іздері жоқ күзгі жапырақтар кез келген іске жарай береді.

2-топқа – ауру жапырақтар. Егер ағаш немесе бұта жаз бойы парша, монилиоз немесе ақұнтақ сияқты өсімдік ауруларынан зардап шеккен болса, ондай жапырақтарды қайтадан сондай өсімдіктердің түбіне тастауға болмайды. Ауру тұқымдары жапырақ астында қыстап шығып, көктемде жас бүршіктерге қайта жұғады. Бірақ асыра сілтеудің де қажеті жоқ, жапырақта бір-екі қоңыр дағы болса, оның ауруға еш қатысы жоқ. Бұл – өсімдіктің табиғи қартаюы. Әңгіме жаз бойы аауырып шыққан, айқын белгілері болған өсімдіктер туралы.

3-топқа – жас жапырақтар. Ауасы лас аумақтан, жол бойынан, автотұрақтардан немесе тұз бен мұнай өнімдері тиюі мүмкін жерлерден жиналған жапырақтар бақшада іске асыруға жарамайды. Әсіресе бақша өнімдерін алатын жерге мүлдем тастамаңыз. Таза жерден жиналған жапырақтарды ғана пайдаланыңыз.


Өсімдіктер түбін бүркеу

Жапырақтар ағаш түбіне, бұталардың айналасына, гүлзарларға және босаған жүйектерге үсіктен сақтау, топырақ ылғалдылығын жоймау үшін тамаша жабын болады. Әсіресе құлпынай мен таңқурай тамырларын, раушан, гортензия гүлдерін қысқа жауып қымтауға тегін материал. Оның арқасында жаңбыр топырақты шайып кетпейді, арамшөптердің шығуы азаяды, ылғал баяу буланады және топырақ температураның ауытқуынан аз зардап шегеді. Уақыт өте келе жапырақтар шіріп, органикалық тыңайтқышқа айналады.

Жапырақтарды жер беті жабылатын, бірақ ауа кірмейтін сулы қабатқа айналмайтындай қалыңдықта жайып тастаңыз. Сондай-ақ ағаш діңі мен тамыр мойнына тақап үйіп тастамаңыз. Өсімдік түбіне ауа қажет, әйтпесе діңі шіри бастайды.


Жапырақ шіріндісін жасау

Жапырақ шіріндісі – орман топырағына ұқсас қопсыған, қоңыр-қара материал. Ауыр сазды топырақты қопсытады, ал жеңіл құмды топырақтың ылғал ұстауына көмектеседі. Оны көшеттер мен бөлме гүлдеріне арналған топырақ қоспасына қосады. Бақша дақылдарын егетін жүйек топырағына араластырады.

Дайындалуы өте оңай. Жапырақтарды жинап, мүмкіндігінше ұсақтаңыз. Күн құрғақ болса, сәл ылғалдап алыңыз. Торлы қорапқа немесе ауа өтетін тесіктері бар қаптарға салыңыз. Полиэтиленді қоқыс қаптары да жарайды, тек оны бірнеше жерінен тесуді ұмытпаңыз. Аулада бос орын болса, жай ғана үйіп тастауға да болады. Бір шетке қойып, бұл жапырақтар туралы біраз уақытқа ұмытып кетсеңіз де ештеңе емес. Көктемге немесе келесі күзге қарай жапырақ қарашірігі ешқандай қосымша еңбексіз, өздігінен дайын болады.


Компостқа арналған құрғақ жапырақтар

Құрғақ жапырақтар жасыл шөпке жетіспейтін нәрсе – құрылым мен көміртекті береді. Оларды қабат-қабат етіп төсеу керек: аздаған шөп, жапырақ қабаты, асүй қалдықтары, қайтадан жапырақ. Пропорциясын есептеп бас қатырудың керегі жоқ. Есте ұстау керек нәсе – үйінді тым сулы, жабысқақ батпаққа да, тек құрғақ жапырақтан тұратын жиынтыққа да айналмауы керек.


Бос жүйектерге жабын

Бақша дақылдары, көкөністерді жинап алған соң, бос қалған жүйектер қорғансыз топыраққа айналады. Жауын-шашыннан топырақтың беткі құнарлы қабаты шайылып кетеді, қатаяды. Сөйтіп қыс бойы сапасын жоғалтады. Ал сау жапырақтардан «жамылғы» жасасаңыз, көрпе қызметін атқарады.

Жүйектерді зиянды арамшөптерден тазалап алып, жапырақтарды жер бетіне жайып шығыңыз. Жел ұшырып кетпес үшін сәл ылғалдап, үстіне аздап компост себіңіз, бұталар мен сым тор тастаңыз.

Жапырақтарды топыраққа көмбей, тек бетіне жаю керек. Сонда қыс бойы жаймен шіріп үлгереді. Ал құрамында көміртегі көп балғын жапырақты көміп тастасаңыз, ол топырақтағы азотты өзіне тартып алады да, көктемде егілетін өсімдіктерге азот жетпей қалуы мүмкін.


Асқабақ дақылдарына арналған ор

Жапырақты тікелей жерге көмуге де болады. Бұл әдіс қияр, кәді, асқабақ және патиссон егетін топырақ үшін өте пайдалы.

Күрек бойымен 1-2 тереңдікте траншея қазыңыз. Түбіне жапырақтарды төсеп, сәл таптап, су құйыңыз. Үстін топырақпен жабыңыз.

Қыс бойы органика шіріп, топырақ қопсып шығады. Ал көктемде мұндай топырақ екі аптаға ерте жылынады. Асқабақ тұқымдас дақылдар ерте әрі мол өнім беретін болады.


Бақша жәндіктеріне арналған бұрыш

Бақшадағы көзге көрінбейтін еңбекқорлар – кірпі, қоңыз, өрмекші, басқа да жәндіктердің пайдасы көп. Ал ағаш жапырақтары – осы ұсақ тіршілік иелері үшін дайын қысқы баспана болады. Көктемде олар оянып, өз жұмысына кіріседі. Гүлдерді тозаңдандырады, топырақты қопсытады, зиянкестерді жейді. Сол себепті бақшаның бір бұрышында табиғи жапырақ қабаты бар орын қалдырған жөн. Бұл жерде тек пайдалы жәндіктер ғана болады дегенге кепілдік жоқ. Бірақ тып-типыл етіп тазаланған бақшаға қарағанда, жапырақты бұрыштары бар бақшада тіршілік әлдеқайда көп болады.


Жаңғақ жапырағы арамшөп шығармайды

Жаңғақ (грек жаңғағы) пен емен жапырақтарын қарапайым жапырақтармен араластырмаған абзал. Олардың құрамында шіруді баяулататын арнайы заттар бар. Мұндай жапырақтарды жеке қапқа жинап, 2-3 жылда дайын болатын бөлек компост жасауға пайдаланған жөн.

Сонымен қатар, жаңғақ пен емен жапырағын арамшөп басатын жолдарға (жол аралықтарына) төсеген тиімді.


Ескеретін бір нәрсе, айтылған әдістердің қайсысын жасасаңыз да, жапырақтарды ұсақтап алған абзалырақ. Бүтін жапырақтар мен ұсақталған жапырақтардың айырмашылығы бар. Қалың әрі ірі жапырақтарды қалың қылып үйсеңіз, ол нығыздалып, ауа өткізбейтін сулы қабатқа айналады. Бұл топырақты бүркеуде шіруді баяулатса, компостта процесті мүлдем тоқтатып тастауы мүмкін. Ал ұсақталған жапырақтар тегіс жатады, тығыздалмайды және тез ыдырайды. Сондықтан, мейлінше, ұсақтап алған жөн.

Бұл үшін көгалшапқышты (газонокосилка) қолдана аласыз. Құрғақ жапырақтарды шөптің үстіне жұқалап жайып, үстінен бір-екі рет жүріп өтіңіз. Ешқандай құрал болмаса, құрғақ жапырақтарды қапқа салып, аяқпен таптап тастауға болады. Ірі жапырақтар жыртылып, сынып, аз да болса ұсақталады.

Ұсақтауға уақыт не мүмкіндік болмаса, бүтін жапырақтарды жаратуға тура келеді. Бұл жағдайда қабатын жұқалау етіп төсеңіз. Арасына ауа кіруі үшін сабан, майда бұтақтар немесе ірі компост сияқты материалдарды араластырып, ара-тұра қопсытып тұрыңыз.


Егер ауладағы ағаштар қандай да бір өсімдік ауруымен ауырған болса, оның жапырақтарын түбінде қалдыруға да, бақшада қолдануға да болмайды. Бұл жағдайда ең сенімді жолы – көлік жалдап, арнайы өртеу орнына жеткізу.

Қазір кейбір ірі қалаларда органикалық қалдықтарға арналған сары немесе жасыл түсті контейнерлер орнатыла бастады. Сіз тұратын ауданда осындай арнайы органикалық контейнер болса, жапырақты қапқа салып, сонда өткізуге болады.

Дайындаған: Т. СЕЙІТХАН,

ERNUR.KZ


ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ:

МИЦЕЛЛЯРЛЫ СУ бетті ғана емес, КИІМ-БҰЙЫМдарды да тамаша ТАЗАРТАДЫ