Азаматтарға аталған үш елге кіруге рұқсат етілмейді және қазір онда жүрген азаматтарға шұғыл түрде кері қайту ұсынылды.
фото: ашық дереккөзден
ERNUR.KZ. БАӘ азаматтарына Ирак, Иран және Ливанға баруға тыйым салынды, деп жазады ulysmedia.kz.
БАӘ СІМ мәліметінше, азаматтарға аталған үш елге кіруге рұқсат етілмейді және қазір онда жүрген азаматтарға шұғыл түрде кері қайту ұсынылды.
«Аймақтағы қазіргі жағдайларға байланысты БАӘ Сыртқы істер министрлігі ел азаматтарының Иран Ислам Республикасына, Ливан Республикасына және Ирак Республикасына сапар шегуіне тыйым салынатынын хабарлайды. Қазір осы елдерде жүрген барлық БАӘ азаматтарын мүмкіндігінше тезірек елге оралуға шақырамыз, – делінген хабарламада.
Ведомство шетелдегі азаматтарының жағдайын бақылап, олардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету жөніндегі міндеттемелері аясында барлық берілетін нұсқаулықтар мен ұсыныстарды қатаң сақтаудың маңызын атап өткен.
БАӘ-ДЕГІ ҚАЗІРГІ АХУАЛ
Айта кетейік, бұдан бұрын Дубайда тұратын отандасымыз Ұлдана Сұлтанова Таяу Шығыста қақтығыс басталғалы қала өмірі қалай өзгергенін айтып берген. Оның сөзінше, қалада жалдамалы пәтер мен қонақүйлер айтарлықтай арзандаған.
Сондай-ақ, отандасымыз Дубай билігі ақпарат құралдарында, әлеуметтік желілерде жарияланатын ақпаратты қатты қадағалайтынын атап өтті. БАӘ-де жарылыстар, қауіп-қатерлер жайлы жалған ақпарат таратқандарға жаза қатал.
«Егер біз мұндай әрекетке барсақ, депортациялап жібереуі мүмкін. Жарылыстардың ескі видеоларын немесе халықты үрейлендіретін негізсіз ақпарат таратқан көп блогер елден шығарылды. Егер БАҚ өкілі болмасаң, немесе жергілікті биліктің рұқсатын алмасаң, күмәнді контентті жариялау қауіпті», – деп түсіндірді қазақстандық келіншек.


