Біле жүріңіз: дәрігерлер коронавирустың жаңа симптомын атады

0
2 226

​Мамандар жүрек қағысына назар аударуға кеңес береді – минутына 100-ден аса соқса, COVID-19 жұқтырған болуыңыз мүмкін.


Біле жүріңіз: дәрігерлер коронавирустың жаңа симптомын атады

ERNUR.KZ. Жүрек соғысы жылдамдаған адам коронавирус инфекциясын жұқтырған болуы мүмкін. Бұл туралы Express порталы COVID Symptom Study мәліметіне сілтеме жасап хабарлады, деп жазады Sputnik Қазақстан.

Зерттеу барысында әлемнің түкпір-түкпіріндегі төрт миллионнан астам қатысушының деректері ұялы телефон қосымшасының көмегімен талданған. Нәтижелер COVID-19 инфекциясы жүрек қағысын жылдамдатуы – минутына 100-ден аса соғуы мүмкін екенін көрсетті.

Тамыр соғысын өлшеу кезінде қате жібермеу үшін адамға тыныштық қажет, мүмкіндік болса, оған дейін бес минут тынығып, бойын еркін ұстаған жөн, яғни қосымша күйзеліс факторларының алдын алып, физикалық салмақ түсуіне жол бермеу керек. Айта кетейік, қалыпты жағдайда жүрек минутына 60-тан 100-ге дейін соғады.

Сондай-ақ, мамандар жүрек соғысы бірнеше рет жиілегенде және бұрын қандай да бір жүрек ауруымен ауырмаған жағдайда ғана алаңдау қажеттігін атап өтті.

Бұған дейін мысырлық дәрігерлер ықылық ұзақ уақыт бойы (екі күннен артық) тоқтамаса, коронавирустың белгісі болуы мүмкін деген зерттеу жариялаған еді.

COVID-19 індетінің ерекше белгілерінің қатарында үрейге бой алдыру, шаштың түсуі, бөртпе, ұйқышылдық және шаршау сезімдері бар.