Ішкі істер министрі Лоран Нуньес 8 адамның ауыр жағдайда жатқанын айтты.
Фото: AFP via Getty Images
ERNUR.KZ. Будапештте "Пари Сен-Жермен" Чемпиондар лигасының финалында "Арсеналдан" басым түсіп, Франциядағы футбол жанкүйерлері мен полиция арасындағы қақтығысқа себеп болды. Салдарынан 219 адам жарақат алып, шамамен 800 адам ұсталды, деп жазады stan.kz.
Ішкі істер министрі Лоран Нуньес 8 адамның ауыр жағдайда жатқанын айтты. Тәртіпсіздіктерді тоқтату үшін мыңдаған құқық қорғау қызметкері жұмылдырылды. Оқиғалар Париждегі автобус, теміржол және қала маңы көлігі қатынасына кедергі келтірді. Сондай-ақ 57 полицей жарақат алған.
Жанкүйерлер отшашу мен сдабылдық ракеталар атқан. Қаланың орталығында полиция жиналған адамдарды тарату үшін көзден жас ағызатын газ қолданған.
“Тәртіпсіздіктер барысында алты автокөлік, екі кәсіпорынның мүлкі және автобус аялдамасы бүлінген. Франция Ішкі істер министрлігі жексенбі түске дейін 780 адамның ұсталғанын, олардың 450-ден астамы қамауда екенін мәлімдеді. Түнде тәртіпсіздікке қатысушылар бөгемек болған Париж айналма жолындағы жол апатынан кейін бір адамның мәйіті табылған”, – делінген хабарламада.
Оңшыл радикалдар көшбасшысы Марин Ле Пен X әлеуметтік желіде болған жағдайға қатысты жазба қалдырды.
"Тек Францияда ғана футбол клубының жеңісі тәртіпсіздікке әкеледі. Тек Францияда ғана адамдар зорлық-зомбылықтан сақтану үшін жеңіс күні кешке үйлерінде қамалуға мәжбүр", – делінген жазбада.
Парижде түсірілген кадрлардан тұтанған файерлер, жол үстінде жанып жатқан электр велосипедтерді және кем дегенде бір дүкеннің әйнектерін сындырып жатқан адамдарды көруге болады.
Осындай тәртіпсіздіктер өткен жылы да болған. Ол кезде ПСЖ алғаш рет Чемпиондар лигасын жеңіп алған еді. Ол кезде қақтығыстар барысында екі адам қаза тапқан.
Лоран Нуньестің айтуынша, бұл жолы билік әлдеқайда жақсы дайындалған және "өте сенімді, тұрақты жүйе" жұмыс істеген. Соған қарамастан, ондаған полиция қызметкері жарақат алды. Нуньес бұл тәртіпсіздіктерді "мүлдем қабылданбайтын жағдай" деп атады.
Бұған дейін Францияда ПСЖ жеңісінен кейін тәртіпсіздіктер басталғаны туралы жазған едік. Футболдан кейін кейбіт тұрғындар көліктерді өртеп, автобус аялдамаларын қиратты, ал қала көшелерінде атыс дыбыстары естілді. Полиция қатаң шаралар қолданып жатыр.
Le Figaro газетінің хабарлауынша, Чемпиондар Лигасының финалындағы ПСЖ жеңісін тойлауға шыққан жүздеген жанкүйер Париж айналма жолын жауып тастады.


