Семейде облыстық сот алдында өзін өртеп, қаза тапқан ер адам бұған дейін 19,9 миллион теңге өтемақы талап еткен

0
83

2024 жылы лизингтік компанияның мүддесін қорғаған айыпталушы сот шешімінсіз төрт жүк көлігі мен қосалқы бөлшектерді алып кеткен.


Семейде облыстық сот алдында өзін өртеп, қаза тапқан ер адам бұған дейін 19,9 миллион теңге өтемақы талап еткен

Фото: Видеодан скрин

ERNUR.KZ. Семейде облыстық сот алдында өзін өртеп жіберген ер адамның өлімінен кейін жаңа деректер пайда болды. Ол бұған дейін бес жүк көлігіне қатысты сот дауының жәбірленушісі болған. Ол лизингтік компаниямен арадағы келіспеушілікке байланысты сотқа жүгініп, 19,9 миллион теңге өтемақы талап еткен, деп жазады stan.kz.

Облыстық соттың мәліметінше, 2020 жылы марқұмның компаниясы лизингтік компаниямен бес жүк көлігін сатып алу туралы келісімшарт жасасқан. Алайда техниканың ақысын толық төлемеген.

2024 жылы лизингтік компанияның мүддесін қорғаған айыпталушы сот шешімінсіз төрт жүк көлігі мен қосалқы бөлшектерді алып кеткен. Соттың баспасөз қызметінің мәліметінше, бұл әрекет заңсыз өз бетінше шешім қабылдау деп танылған.

Сот оны Қылмыстық кодекстің 389-бабының 1-бөлігі бойынша кінәлі деп таныған. Алайда қылмыстық жауапқа тарту мерзімі өтіп кеткендіктен, ол жауапкершіліктен босатылған.

Келісімшарттар төлемнің толық жасалмауына байланысты бұған дейін бұзылғандықтан, сот техниканы заңды иесі – лизингтік компанияға қайтару туралы шешім шығарған.

Жәбірленуші сотқа азаматтық талап арыз да берген. Ол жоғалған құрал-жабдықтар мен қосалқы бөлшектердің, сондай-ақ бесінші жүк көлігін жөндеуге кеткен шығынның өтемі ретінде 19,9 миллион теңге өндіріп беруді сұраған.

Алайда сот ер адамның жоғалған заттардың өзіне тиесілі екенін және шығын көлемін дәлелдей алмағанын айтып, талабын қарамаған. Сонымен бірге оған ақшаны өндіріп алу үшін азаматтық сотқа бөлек жүгінуге болатыны түсіндірілген.

Соттың баспасөз қызметі шешім барлық дәлелді зерттеп, заң талаптарына сай қабылданғанын мәлімдеді.

Еске салсақ, Семейде облыстық сот ғимаратының алдында ер адам өзін өртеп жіберген еді. Алдын ала мәлімет бойынша, ер адам үстіне бензин құйып, өрт қойған.