"Эйфель мұнарасына найзағай түсті": Франциядағы аптап ыстықтың соңы алай-түлей дауылға ұласты

0
94

Еуропаның бірқатар елінде бірнеше күнге созылған күн райы күрт өзгерді.


Фото: lebonbon.fr

ERNUR.KZ. Франция, Германия және Нидерландтың кей өңірінде найзағай ойнап, нөсер жаңбыр мен бұршақ жауды, деп жазады inbusiness.kz.

Парижде болған күшті найзағай кезінде әлемге әйгілі Эйфель мұнарасына жай түскен. Оқиғаның видеосы әлеуметтік желілерде кеңінен тарап, көпшіліктің назарын аударған. Десе де, мамандар мұндай жағдайдың қауіпті емес екенін айтады.

Эйфель мұнарасы арнайы найзағай қабылдағыштармен және жерге тұйықтау жүйесімен жабдықталған. Сол себепті, найзағайдың электр тогы қауіпсіз түрде жерге бағытталып, тарихи нысанға зақым келмейді. Мұнара жыл сайын бірнеше рет найзағайдың соққысын қабылдайды және бұл оның қалыпты пайдалануына әсер етпейді.

Дауылды күн райы Франциядағы рекордтық аптап ыстықтан кейін басталып отыр. Маусым айының соңында елдің көптеген өңірінде ауа температурасы 40 градустан асып, билік тұрғындарға қауіп туралы ескерту жариялады. Соған байланысты Париждегі Эйфель мұнарасы, Лувр музейі және басқа да бірқатар туристік нысан жұмыс уақытын қысқартуға мәжбүр болды.

Синоптиктердің мәліметінше, нөсер жаңбыр мен найзағай аптаптың бетін қайтарғанымен, тұрақсыз күн райы алдағы күндері де сақталуы мүмкін. Билік тұрғындарды қажетсіз жағдайда көшеге шықпауға және қолайсыз ауа райы туралы ескертулерді қадағалап отыруға шақырды.