Еуропалық өнеркәсіп өкілдері жағдайдың нашарлауына Дональд Трамп енгізген импорттық баж салығы себеп болғанын айтады.
Фото: Азертадж
ERNUR.KZ. Еуропалық Одақтың алюминий саласы Еуропалық комиссиядан металл сынықтарының экспортын тоқтату және ішкі өндірушілерде тапшылықтың алдын алу мақсатында 30 пайыз шамасындағы экспорттық баж салығын енгізуді сұрап отыр, деп жазады kaz.inform.kz.
AZƏRTAC агенттігі Reuters-ке сілтеме жасай отырып хабарлағандай, European Aluminium салалық тобының мәліметінше, 2024 жылы ЕО-дан алюминий сынықтарының экспорты рекордтық 1,26 миллион тоннаға жеткен. Бұл көрсеткіш бес жыл бұрынғыдан шамамен 50 пайызға жоғары. Экспорттың басым бөлігі Азия елдеріне бағытталған.
Еуропалық өнеркәсіп өкілдері жағдайдың нашарлауына Дональд Трамп енгізген импорттық баж салығы себеп болғанын айтады. Алюминийге 50 пайыз, ал металл сынықтарына 15 пайыз көлемінде салық енгізілген. Бұл АҚШ-қа металл сынықтарын импорттауды арттырып, экспортты қысқартты. Нәтижесінде, азиялық сатып алушылар ЕО-дан жеткізілімге көбірек тәуелді бола бастады.
European Aluminium компаниясының бас директоры Пол Восс Еуропа компаниялары Азия елдеріндегі сатып алушылармен бәсекелесе алмайтынын атап өтті. Себебі олар субсидиялардың арқасында жоғары баға төлеуге қауқарлы, сонымен қатар ол елдерде еңбек пен экологиялық стандарттар төмен.
“ Логикалық тұрғыда, сынық саудагерлері кім жоғары баға төлесе, соған сатуға тырысады. Алайда мемлекеттік саясаттың міндеті – мұндай нарықтық ауытқуларды түзету және Еуропаның стратегиялық мүдделерін қорғау “, — деді ол.
ЕО-ның атқарушы комитеті шілде айынан бастап экспортты бақылауға алғанын және үшінші тоқсанның соңына дейін тиісті шаралар қабылдау қажеттілігіне баға беретінін мәлімдеді.
Айта кетейік, Еуропалық Одаққа кірмейтін бірнеше ел металл сынықтарын экспорттауға шектеу енгізіп үлгерді. GMK Center консалтингтік компаниясының мәліметінше, Үндістан мен Қытайды қоса алғанда, 48 ел қара металдар сынықтарын экспорттауға шектеулер қойған.