Фото:depositphotos.com
Еуропалық Одақ елдерінде 2030 жылдан бастап әуежайларда шабадандарды орау үшін бір реттік пластик пленканы пайдаланудан бас тарту жоспарланған. Мұндай шара Еуропарламенттің қаптама және қаптама қалдықтары туралы заңнаманы реформалауға (Regulation (EU) 2025/40) арналған материалдарында көрсетілген, деп хабарлайды Tengri Travel.
Регламенттің өзі 2025 жылдың ақпанында күшіне енді, ал 2026 жылдың 12 тамызынан бастап қолданысқа енгізіледі. Талаптардың бір бөлігі, соның ішінде бірреттік қаптаманың жекелеген түрлеріне шектеулер 2030 жылға дейін кезең-кезеңімен енгізіледі. Соның бірі - жүкті орауға арналған бір реттік пленканы пайдалануға тыйым салу болмақ.
Не өзгереді?
Еуропарламент материалдарына сәйкес, реформа аясында әуежайларда шабадандар мен сөмкелерді орау үшін бір реттік пластик пленкадан бас тарту ұсынылады. Балама ретінде жолаушылар көп реттік қорғаныш қаптарын, белдіктерді және жүкті қорғаудың басқа да әдістерін пайдалана алады.
Бұл ретте ЕО 2025/40 регламентінің мәтінінде жүкті орау мәселесі бөлек аталмаған. Мұндай шектеу туралы ақпарат Еуропарламенттің түсіндірмелері мен жаңа заңнамаға жасалған аналитикалық шолуларда қамтылған.
Орау пленкасын не алмастырады?
Жаңа ережелер күшіне енгеннен кейін шабадандарды пластик пленкамен орау қызметі жойылады. Оның орнына жолаушыларға жүкті қорғаудың көп реттік әдістерін - арнайы қаптарды, белдіктерді немесе құлыптарды пайдалану ұсынылады. Бастама авторларының пікірінше, бұл тәсіл пластик қалдықтарының мөлшерін азайтуға мүмкіндік береді.
2030 жылдан бастап тағы не өзгереді?
Жүкті орауға тыйым салу - жаңа регламенттегі шаралардың бірі ғана. Құжат бірреттік пластик қаптаманың басқа да түрлерінен бас тартуды қарастырады.
Мәселен, қонақүйлерде сусабындар, душқа арналған гельдер және басқа да косметикалық құралдардың шағын құтыларын, сондай-ақ жеке қапталған сабындарды пайдалану тоқтатылады. Олардың орнына көпреттік дозаторлар орнатылады.
Өзгерістер дәмханалар мен мейрамханаларға да қатысты болады. Мекемелер бұдан былай соустар, қант, тұз және кілегейдің порциялық түрлеріне арналған пластик қаптамаларды қолдана алмайды. Бұл ретте шектеулер алып кететін тағамдар мен медициналық мекемелерге қолданылмайды.
Айтпақшы, түрік отельерлері де пластик қалдықтарын азайтуға маңызды көңіл бөле бастады. Жуынатын бөлмелердегі шағын бөтелкелердің орнына қазір жиі стационарлық дозаторлар қолдана бастаған.
Еуроодақ жаңа ережелерді не үшін енгізіп жатыр?
Жаңа регламент қаптама қалдықтарының мөлшерін азайтуға және көпреттік қаптаманы пайдалануды арттыруға көмектесуі тиіс. Сондай-ақ құжат өндірушілерді қаптаманы қайта өңдеуге барынша қолайлы етуге, оның функционалдығын жоғалтпай салмағы мен көлемін азайтуға, ал ЕО елдерін - қалдықтарды бөлек жинау және қайта өңдеу жүйелерін дамытуға міндеттейді.


