2027 жылдан бастап декреттегі аналардың зейнетақы жарнасы азаяды

0
210

​Жаңа жылдан бастап мемлекет бала күтіміндегі аналардың зейнетақы шотына қосымша жарна аударуды тоқтатады.


2027 жылдан бастап декреттегі аналардың зейнетақы жарнасы азаяды

ERNUR.KZ. 2027 жылғы 1 қаңтардан бастап бала күтімімен үйде отырған аналардың зейнетақы шотына мемлекет қосымша зейнетақы жарнасын аударуды тоқтатады. Бұл өзгеріс декреттік төлемнің мөлшеріне әсер ете ме? Қазір бала күтімімен отырған әйелдердің жинағына қанша қаражат түседі және жаңа жылдан кейін не өзгереді? Бұл туралы baq.kz жазды.

Декреттік төлем сақталады, зейнетақы жарнасы өзгереді

Ең алдымен, маңызды жайтты атап өткен жөн: 2027 жылдан бастап бала күтіміне байланысты ай сайынғы төлем тоқтамайды. Аналар бұрынғыдай бала бір жарым жасқа толғанға дейін мемлекеттік төлемді ала береді. Өзгеріс тек зейнетақы жарналарына қатысты.

Қазір жұмыс істеген және әлеуметтік аударымдары төленген әйел декреттік демалысқа шыққанда, бала күтіміне байланысты ай сайынғы төлемді соңғы екі жылдағы орташа табысының 40 пайызы мөлшерінде алады.

Осы төлемнің 10 пайызы міндетті зейнетақы жарнасы ретінде Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорына аударылады. Бұдан бөлек, мемлекет әйелдің зейнетақы шотына бюджет есебінен қосымша жарна түсіріп келеді. Бұл қаражат декретке дейінгі табысына сәйкес есептеледі.

Алайда 2027 жылғы 1 қаңтардан бастап мемлекет төлеп келген осы қосымша жарна тоқтатылады. Бұдан былай аналардың зейнетақы шотына бала күтіміне байланысты төлемнен ұсталатын 10 пайыз ғана аударылады.

500 мың теңге жалақы алған ана қанша зейнетақы жарнасынан қағылады?

Жаңа тәртіптің қалай жұмыс істейтінін қарапайым мысалмен түсіндірейік.

Мәселен, әйелдің декретке дейінгі орташа айлық табысы 500 мың теңге болды делік. Бұл жағдайда бала күтіміне байланысты ай сайынғы төлем 200 мың теңгені құрайды. Оның 10 пайызы, яғни 20 мың теңгесі міндетті зейнетақы жарнасы ретінде зейнетақы қорына аударылады.

Ал қазіргі тәртіп бойынша мемлекет әйелдің зейнетақы шотына қосымша 30 мың теңге салып келген. Осылайша, ай сайынғы жалпы жарна көлемі 50 мың теңгеге жеткен.

2027 жылдан бастап қосымша 30 мың теңгелік аударым тоқтайды. Демек, аталған мысалдағы әйелдің зейнетақы шотына ай сайын 50 мың теңгенің орнына 20 мың теңге ғана түседі.

Яғни өзгеріс ананың қолына алатын бала күтімі төлемінің мөлшерін азайтпайды. Бірақ зейнетақы жинағына түсетін қаражат көлемі қысқарады.

Өзгеріс қазір декретте отырған аналарға да қатысты

Тағы бір маңызды мәселе – жаңа тәртіп тек 2027 жылдан бастап декретке шығатын әйелдерге ғана қатысты емес.

Қазірдің өзінде бала күтімімен үйде отырған және мемлекеттен қосымша зейнетақы жарнасын алып жүрген аналардың да шотына бұл қаражат 2027 жылғы 1 қаңтардан бастап аударылмайды.

Сондықтан бала күтімімен үйде отырған әйелдер жаңа жылдан бастап зейнетақы шотына түсетін жарна көлемінің азаятынын ескеруі керек.

Жұмысқа ерте шыққан ана бала күтімі төлемінен айырылмайды

2027 жылдан бастап күшіне енетін тағы бір өзгеріс аналардың еңбекке қайта оралуына қатысты.

Жаңа тәртіп бойынша анасы жұмысқа ерте шықса да, бала күтіміне байланысты төлемді бала бір жарым жасқа толғанға дейін ала береді. Яғни жұмысқа қайта орналасу бұл төлемнен айырылуға негіз болмайды.

Бұл – декреттен кейін еңбекке ертерек оралуды жоспарлаған аналар үшін маңызды жаңалық.

Қорыта айтқанда, 2027 жылдан бастап декреттегі әйелдердің бала күтіміне байланысты ай сайынғы төлемі сақталады. Алайда мемлекет олардың зейнетақы шотына қосымша аударып келген жарнаны тоқтатады. Ал жұмысқа ерте шыққан аналар бала күтіміне байланысты төлемді белгіленген мерзім аяқталғанша ала алады.