Азаматтың өтінішінен кейін департамент оның құқықтарын қорғау бойынша шаралар қабылдады.
Сурет: magnific
Маңғыстау облысының Сауда және тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаментінің мәліметінше, азамат мейрамхана әкімшілігімен тойға төлеген алдын ала ақшасын қайтару мәселесін өз бетінше шеше алмаған соң, ведомствоға жүгінген. Бұл туралы 2026 жылғы 22 қарашада Lada.kz басылымы жазды.
Өтініш берушінің айтуынша, ол мейрамхананы алдын ала брондап, 50 мың теңге көлемінде төлем жасаған. Кейін ер адам басқа мейрамхананы таңдауға шешім қабылдап, бастапқы тапсырыстан бас тартқан.
"Алайда мейрамхана әкімшілігі төленген соманы қайтарудан бас тартқан. Сонымен қатар тараптар арасында жазбаша келісімшарт жасалмаған. Сондай-ақ алдын ала төлемнің қайтарылмайтыны туралы жеке жазбаша келісім де болмаған", – делінген хабарламада.
Азаматтың өтінішінен кейін департамент оның құқықтарын қорғау бойынша шаралар қабылдады. Нәтижесінде дау реттеліп, тұтынушыға 50 мың теңге толық көлемде қайтарылды.
Тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаменті "Тұтынушылардың құқықтарын қорғау туралы" заңға сәйкес, егер қызмет көрсетілмесе және ешқандай шығын жұмсалмаса, тұтынушы төленген ақшаны толық қайтаруды талап етуге құқылы екенін түсіндірді.
Мамандар төлем жасалғанын растайтын құжаттарды сақтауға және құқықтарын қорғау үшін уәкілетті органға жүгінуге кеңес береді.


