Дәрі-дәрмек, әсіресе дәрі тамызғышқа арналған филиологиялық ерітіндіні жеткізуде күрделі дағдарыс туындады.
Фото: freepik
ERNUR.KZ. Германияда дәрі-дәрмек дағдарысы мәселесі туындады – соның салдарынан кейбір дәрігерлер науқастарды үйлеріне жіберуге мәжбүр, деп жазады inform.kz.
Дәрі-дәрмек, әсіресе дәрі тамызғышқа арналған филиологиялық ерітіндіні жеткізуде күрделі дағдарыс туындады. Бұл тапшылықтан Германияның бірқатар медициналық мекемелерінде дәрігерлер науқастарды қажетті ем-доммен қамтамасыз ете алмай, оларды үйлеріне жіберуге мәжбүр болып отыр. Бұл ретте медицина қызметкерлері дәрі-дәрмек тапшылығы болуы мүмкін екенін қыркүйек айында ескертті.
«Бүкіл Германияның медициналық мекемелерінде физиологиялыұ ерітіндінің тапшылығына байланысты медициналық көмек көрсетуде шектеулер бар. Дәрігерлер науқастарды емдей алмағандықтан үйлеріне жіберуге мәжбүр. Бұл – медициналық сәтсіздік және еліміздегі дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету үшінші әлем елдері деңгейінде тұрғанының көрінісі», - деді Федералдық дәрігерлер қауымдастығының басшысы Андреас Гассен BILD басылымына берген сұхбатында.
Өз кезегінде неміс емдеу қауымдастығының басшысы Геральд Гасс маңызды дәрі-дәрмектер мен ерітінділердің тапшылығынан жеке кабинеттердегі дәрігерлер ғана емес, мемлекеттік ауруханалар да зардап шегіп жатқанын атап өтті.
«Ауруханалар өндірушілерден тапсырыс беретін шаюға және инфузияға арналған ерітінділердің қажетті көлемін алмай отыр. Біз науқастарға әлі де қажетті көмек көрсете аламыз, бірақ бұл үлкен ұйымдастырушылық және қаржылық күш-жігерді қажет етеді. Алайда жағдай түзелмей, емделушілер саны көбейе берсе, қызмет көрсету мүмкін болмайды», - деп қосты ол.