Ер адам станцияда қозғалыс жылдамдығын реттеуші болып жұмыс істеген.
Фото: inbusiness.kz
ERNUR.KZ. Екібастұздағы теміржол станциясында қайғылы жағдай орын алды, деп жазады inbusiness.kz.
Теміржол станциясында ер адамды жүк вагоны басып кетіп, ол оқиға орнында көз жұмды.
Алдын ала мәлімет бойынша, марқұм станцияда қозғалыс жылдамдығын реттеуші болып жұмыс істеген.
Ер адам алған ауыр жарақаттарының салдарынан оқиға орнында қайтыс болды. Аталған жағдайға байланысты Көліктегі полиция департаменті қылмыстық іс қозғады.
Ведомствоның хабарлауынша, іс абайсызда адам өліміне әкелген теміржол көлігінің қозғалысы немесе оны пайдалану қауіпсіздігі қағидаларын бұзу фактісі бойынша тергеліп жатыр.
"2026 жылғы 10 қарашада Павлодар станциясындағы желілік полиция бөлімі абайсызда адам өліміне әкеп соқтырған теміржол көлігінің қозғалыс немесе пайдалану қауіпсіздігі ережелерін бұзу фактісі бойынша қылмыстық іс қозғады. Қазіргі уақытта оқиғаның себептері мен мән-жайын анықтау үшін қажетті тергеу әрекеттері жүргізілуде", – деп хабарлады ведомство.
Қазір тәртіп сақшылары жұмысшының қандай жағдайда қаза тапқанын және теміржолдағы қауіпсіздік талаптарының сақталған-сақталмағанын анықтап жатыр.
Марқұмның жеке басына қатысты мәліметтер мен оқиғаның өзге де мән-жайлары әзірге жарияланған жоқ. Полиция Қылмыстық-процестік кодекстің 201-бабына сәйкес, сотқа дейінгі тергеу деректері тергеу мүддесіне байланысты жария етілмейтінін мәлімдеді.


