Индонезияда алапат жер сілкінісі салдарынан 160-тан аса адам көз жұмды

0
750

Жер сілкінісінің магнитудасы 5,6 баллға тең.


Индонезияда алапат жер сілкінісі салдарынан 160-тан аса адам көз жұмды

ERNUR.KZ. Индонезиядағы Ява аралында жер сілкінісі болып, 162 адам опат болды. Тағы жүзден аса адам жарақат алған, деп жазады stan.kz.

АҚШ геологиялық қызметінің мәліметінше, жер сілкінісінің магнитудасы 5,6 баллға тең. Эпицентрі аралдың батыс бөлігіндегі Чианджур қаласында, 10 шақырым тереңдікте орналасқан.

Жарақат алғандардың басым бөлігі ауруханаға түскен, көпшілігіне медициналық көмек көшеде көрсетілген. Құтқарушылар қирандылар астынан тірі қалған адамдарды іздестіріп жатыр.

Апат орын алған ауданда адамдар тығыз орналасқан және сел жүру қауіпі жоғары. Үйлер де ретсіз салынғандықтан, жер сілкінісінен кейін қоқыс үйіндісіне айналған.

Батыс Ява губернаторы Ридуан Камил 326 адамның жарақат алғанан хабарлады. Сөзінше, көз жұмғандар мен жараланған саны әлі де өседі, себебі шет аймақтарда қалған адамдар бар екен. Сонымен қатар 13 мың адам үйінен тастап кетуге мәжбүр болған.

Чианджур қаласы әкімшілігінің басшысы жарақаттың көпшілігі сүйек сыну екенін айтады. AFP ақпарат агенттігі хабарлағандай, ауруханаға ауылдық жерлерден жедел жәрдем көліктері көптеп келген, әрі елдімекендердегі көптеген отбасылар әлі эвакуацияланбаған. Апаттан кейін жарық сөніп қалғандықтан, дәрігерлер аурухананың тұрағындакөмек көрсеткен.

Жер сілкінісін ел астанасы Джакарта қаласының тұрғындары да сезген. Мұнда көпқабатты үйлерден адамдар шұғыл эвакуацияланды.

Апат 21 қарашада жергілікті уақыт бойынша 13:21-де басталған. Кеңсе қызметкерлері дүмпуді сезіп, бірден көшеге шыққанын айтады.

"Мен кеңседе жұмыс істеп жатқанмын, бір сәтте еденнің қозғалғанын сездім. Дүмпуді анық байқадым. Не болып жатқанын түсіну үшін қозғалмай тұрдым. Бірақ дүмпу үдей түсіп, біраз уақытқа дейін жалғасты", – деді заңгер Мэйэдит Валуйо Франс Пресс басылымына берген сұхбатында.

Ал Ахмад Ридуан есімді қызметкер Рейтер агенттігіне сұхбат беріп, жер сілкінісі Джакарта халқы үшін үйреншікті құбылыс екенін айтты. Дегенмен қазір адамдар үрейленіп қалған, дейді ол.

Индонезияда жер сілкінісі жиі болады, өйткені мемлекет Тынық мұхитындағы тектоникалық белсенді "отты шеңбер" аумағында орналасқан. Мәселен, 2018 жылы Сулавеси аралында болған жер сілкінісі салдарынан 2 мыңнан аса адам көз жұмған.