Индонезияда Левотоби Лаки-Лаки жанартауы тағы да атқылады

0
114

​Индонезияның Шығыс Нуса-Тенггара провинциясында орналасқан Левотоби Лаки-Лаки жанартауы тағы да атқылады.


Индонезияда Левотоби Лаки-Лаки жанартауы тағы да атқылады

ERNUR.KZ. Индонезияның Вулканология және геологиялық қауіп-қатерлерді азайту орталығының мәліметінше, жанартау атқылауы 18 маусымнан бері жалғасып келеді, деп жазады kaz.inform.kz.


Кезекті атқылау бүгін жергілікті уақытпен 01:05-те болған. Атқылау нәтижесінде күл бағаны 18 шақырым биіктікке дейін көтерілген. Қызған газдан пайда болған бұлттар жанартау баурайымен төмен қарай жылжыса, күл жақын маңдағы ауылдарға таралған.

Қаза тапқандар мен зардап шеккендер туралы ақпарат жоқ.

18 маусымда болған алғашқы атқылаудан кейін қауіп деңгейі ең жоғарғы деңгейге көтеріліп, жанартаудың айналасындағы тыйым салынған аймақ 7 шақырымға дейін кеңейтілген.

Биіктігі 1584 метр болатын Левотоби Лаки-Лаки тауы көршілес орналасқан Левотоби Перемпуан жанартауымен «егіз» деп саналады.

Индонезия Тынық мұхитындағы «от сақинасы» аймағына кіреді және ел аумағында шамамен 130 белсенді жанартау бар.

2024 жылдың қараша айында Левотоби Лаки-Лаки жанартауының атқылауынан 9 адам қаза тауып, ондаған тұрғын жарақат алған.