Иран мен Израиль арасындағы шиеленіс сегізінші күні жалғасып жатыр.
Фото: x.com / @Mdais
ERNUR.KZ. Иран Беэр-Шева қаласына тағы да ракеталық соққы жасады, ал Израиль бұл әрекетке жауап ретінде Тегерандағы нысандарға ауқымды шабуыл ұйымдастырды, деп жазады inform.kz.
Иран мен Израиль арасындағы шиеленіс сегізінші күні жалғасып жатыр. Иран Беэр-Шеваға тағы да зымыранмен соққы жасады, ал Израиль Тегерандағы әскери және ядролық нысандарға ауқымды әуе шабуылымен жауап берді.
Израильдің оңтүстігіне жасалған зымыран соққысы
Жұма күні таңертең Иран Израиль аумағына бірнеше баллистикалық зымыран жіберді. Израиль армиясының мәліметінше, зымырандардың бірі елдің оңтүстігіндегі Беэр-Шева қаласына тікелей тиді. Соққы тұрғын үйлер орналасқан аудан мен жақын маңдағы технопаркке түскен. Израильдің шұғыл көмек қызметі Magen David Adom бес адамның жеңіл жарақат алғанын, сондай-ақ 30-дан астам адам үрей мен күйзелістен зардап шеккенін хабарлады.
— Қалың түтін, өртеніп жатқан көліктер мен қираған ғимараттарды көрдім. Жараланғандарға сол жерде алғашқы көмек көрсетіліп жатыр, біз екі медициналық көмек көрсету пунктін ұйымдастырдық, — деді фельдшер Двир Бен-Зеэв.
Қалалық әкімдіктің мәліметінше, Беэр-Шеваның теміржол станциясы мен Gav-Yam Negev технопаркіндегі кеңселер, соның ішінде Microsoft ғимараты зақымданған.
Al Jazeera мәліметіне сәйкес, бұл технопарк Бен-Гурион атындағы университеттің жанында орналасқан және Израиль армиясының телекоммуникациялық бөлімшесі – C4i кампусына жақын жерде орналасқан. Соққылар нәтижесінде орталық теміржол вокзалының жұмысы тоқтағаны да хабарланды.
Израильдің Иранға жасаған әуе соққылары
Жұмаға қараған түні Израиль әскери-әуе күштері Иран аумағындағы ондаған нысанға соққы берді. Израиль армиясы (ЦАХАЛ) таратқан мәліметке сәйкес, операцияға 60-тан астам жойғыш ұшақ қатысып, 120-ға жуық оқ-дәрі қолданылған. Соққылар Тегеран маңындағы нысандарға бағытталған.
— Нысандардың қатарында зымыран қозғалтқыштарын құюға арналған материалдар мен зымыран компоненттерін өндіретін объектілер болды, — делінген Израиль армиясының мәлімдемесінде. — Сондай-ақ ядролық саладағы Иранның әскери зерттеу бағдарламасымен тікелей байланысты СПНД жобасына қатысты нысанға соққы жасалды, — деп нақтылады Израиль Қорғаныс күштері.
Израиль түнгі шабуыл кезінде жойылған нысандардың бірі ядролық қару әзірлеуде қолданылатын маңызды компоненттерді өндіретін зауыт болғанын мәлімдеді.
Шиеленіс жалғасып жатыр
Шеэр-Шеваға жасалған соққыдан бөлек, Израильдің әуе қорғаныс жүйелері Өлі теңіз маңында бірнеше ұшқышсыз ұшу аппаратын (дронды) атып түсірді. Ал Иранда әуе шабуылына қарсы қорғаныс кешендері Исфахан қаласында және елдің солтүстігіндегі Решт ауданы маңында іске қосылды.
Ислам революциясы сақшылары корпусы Тегеранның оңтүстігіндегі Кахризак ауданында Израильге тиесілі ұшқышсыз ұшу аппаратын (дронды) атып түсіргенін мәлімдеді.
Израиль армиясы Беэр-Шеведегі нысанға зымыранның жетіп, тосқауылсыз соғылуына себеп болған техникалық ақауға қатысты әзірге ресми пікір білдірген жоқ. Алайда, бұқаралық ақпарат құралдарының хабарлауынша, әуе қорғаныс жүйесінің ішінара жүктемеге байланысты шамадан тыс жұмыс істеуі (перегрузка) ықтимал себеп ретінде қарастырылып жатыр.
Айта кетелік Иранда Ислам революциясы Қамқоршылар корпусы барлау қызметінің жаңа басшысын тағайындады.