Испанияда вирус құрбандарының саны күрт өсті

0
543

Елде бір тәулікте бірден 838 адам қайтыс болды.


Испанияда вирус құрбандарының саны күрт өсті

ERNUR.KZ. Испанияда коронавирус құрбандарының саны тағы да күрт өсті, деп хабарлайды «Хабар 24».

Бір тәулікте бірден 838 адам қайтыс болды. Осылайша елде індеттен қаза тапқандардың жалпы саны 7 мыңға жуық. Ал науқас саны 80 мыңнан асады. Олардың дені ел астанасы Мадридте тіркелген. Індеттің ушығуына байланысты қазір Испанияда сақтық шараларын мейлінше күшейтілген. Бұған қоса, әлем елдері гуманитарлық көмек ретінде медициналық құрал-жабдықтар жіберіп жатыр. Олардың арасында медициналық қызметкерлерге арналған қорғану киімдері мен бетперделер бар.

– Ауруханаларға түсіп жатқан науқастар көп. Қазір оларды ғимараттағы ашық жерлердің бәріне орналастыра бастадық. Ең қиыны, мұнда дертке шалдықпаған науқастар да бар. Оларға да көмектесу қажет, - дейді дәрігер Аугустин Муньоз.