Парашют арқылы гуманитарлық жүк тастау қайта басталды.
Фото: Anadolu Ajansı
ERNUR.KZ. Израиль Қорғаныс армиясы Газа секторында БҰҰ колонналарының азық-түлік пен дәрі-дәрмек жеткізуін қамтамасыз ету үшін гуманитарлық дәліздер құрылатынын мәлімдеді, деп жазады inform.kz.
Reuters агенттігінің дерегінше, парашют арқылы гуманитарлық жүк тастау қайта басталды. Сондай-ақ ЦАХАЛ халықаралық ұйымдар ұсынған ұн, қант және консервілер салынған «жеті контейнерді» түсіру жоспарланып отырғанын хабарлады. Reuters-тің палестиналық дереккөздері де Газа солтүстігінде парашюттермен түсірілген жүкті көріп жатқанын растады.
Гуманитарлық ұйымдар парашютпен түсіру әдісін көмекті жеткізудің тиімсіз тәсілі деп санайды.
Апта басында 100-ден астам ұйым Газада ашаршылық жайылып жатқанын мәлімдеді. Алайда ЦАХАЛ бұл айыптауларды жоққа шығарып, оны «ХАМАС таратып отырған жалған науқан» деп атады.
«Газа халқы арасында көмекті бөлуге БҰҰ мен халықаралық гуманитарлық ұйымдар жауапты. Сондықтан олардың көмекті бөлу тиімділігін арттыруы және ХАМАС-тың қолына түсуін болдырмау бойынша күш салуы күтіледі», – делінген Израиль армиясының хабарламасында.
Сондай-ақ хабарламада 900 мың тұрғынды қамтамасыз ететін тұщыландыру зауытына электр қуаты қайта берілгені айтылды.
Еске сала кетейік, Израиль наурызда Газадағы барлық гуманитарлық көмекті тоқтатқан болатын. Мамырда көмекті жеткізу қайта басталды, бірақ жаңа шектеулермен. Израиль бейбіт халықтың зардап шегуіне ХАМАС-ты айыптап отыр.