Карим Бенземаға лаңкестермен байланысы бар деген айып тағылды

0
413

Буайе Бенземаны кәсіпқой футболшы алатын ең жоғары жеке марапат «Алтын доптан» айыру - «алғашқы символдық санкция» болуы мүмкін екенін және екінші жаза ретінде оны француз азаматтығынан айыруды ұсынды.


Карим Бенземаға лаңкестермен байланысы бар деген айып тағылды

ERNUR.KZ. Француз футболының жұлдызы, 2022 жылғы «Алтын доптың» иегері Карим Бензема Израиль мен ХАМАС арасындағы қақтығысқа байланысты пікірі үшін басы дауға қалды, деп жазады inform.kz.

Дүйсенбі күні Францияның ішкі істер министрі Жеральд Дарманен CNews басылымына берген сұхбатында Бенземаны Франция террористік ұйым деп санайтын «Мұсылман бауырлар» діни-саяси тобымен (ҚР-да тыйым салынған – ред. ескертпесі) байланысы бар деп айыптады.

Телеарнаға берген сұхбатында Дарманен оның министрлігі 1100 исламшыл ұйымды жапқанын айтты.

«Соңғы апталарда мені әсіресе Бензема мырзаның, бәріміз білетіндей, «Мұсылман бауырлар» қозғалысымен байланысы бар екені белгілі болғаны таңғалдырды», - деді ол.

Дарманен өз мәлімдемесін растайтын ешқандай дәлел келтірмеді. CNN Дарманен сөзін айғақтайтын түсініктеме алу үшін Францияның ішкі істер министрлігіне хабарласты.

Сәрсенбі күні Франция парламентінің сенаторы Валери Буайе министр Дарманеннің мәлімдемесіне сүйеніп, Карим Бенземаны француз азаматтығынан айыруға шақырды, деп жазды Politico.eu.

- Министрдің мәлімдемесі рас болса, Карим Бенземаға қарсы санкцияларды қарастыруымызға тура келеді, - деді консервативті Республикалық партияның вице-президенті Буайе X әлеуметтік желісінде жариялаған хабарламасында.

Буайе Бенземаны кәсіпқой футболшы алатын ең жоғары жеке марапат «Алтын доптан» айыру - «алғашқы символдық санкция» болуы мүмкін екенін және екінші жаза ретінде оны француз азаматтығынан айыруды ұсынды.

Бензема УЕФА Чемпиондар лигасын бес рет жеңіп, «Реал-Мадрид» футбол командасы сапында 354 гол соқты, ал өткен жазда Сауд Арабиясының кәсіби лигасында өнер көрсететін «Аль-Иттихад» командасына ауысқан болатын.

Шабуылшы Франция құрамасының сапында 97 ойын өткізіп, 37 гол соқты және футбол тарихындағы ең мықты француз ойыншыларының бірі ретінде бағаланып отыр. Ол ұлттық құрамада 2007 жылы алғашқы ойынын өткізген, ал өткен жылы Франция құрамасымен қош айтысты.

Дарманен бұл сөзін Бензема жексенбі күні Израиль мен ХАМАС арасындағы қақтығыста палестиналықтарды қолдайтынын мәлімдегеннен кейін айтты.

«Біз бар дұға-тілектерімізді әйелдерді де, балаларды да аямай қырып жатқан әділетсіз жарылыстардың құрбаны болған Газа халқына арналады», - деп жазды Бензема X әлеуметтік желісінде.

«Мұсылман бауырлар» – исламды жай дін емес, өмір сүру салты деген сенімге негізделген діни-саяси топ (ҚР-да тыйым салынған – ред. ескертпесі). Ол секуляризмнен бас тартуды және салауатты отбасылардың, қауымдастықтар мен мемлекеттердің негізі ретінде Құран ережелеріне қайта оралуды жақтайды.

Демонстрант топтар өткен аптада Париж көшелеріне шығып, Франция үкіметінің елде Палестинаны қолдайтын шерулерге тыйым салуына қарсы шықты.
Дарманен қоғамдық тәртіпке алаңдаушылық білдіріп, шерулерге тыйым салынатынын жариялады.

«Палестинаны қолдайтын шерулерге тыйым салу керек, өйткені олар қоғамдық тәртіпті бұзуы мүмкін», - деді министр.

Ол, сондай-ақ, полицияны француз еврейлері баратын барлық жерлерді, мәселен синагогалар мен мектептерді қорғауға шақырды және француз жерінде антисемитизм әрекеттерін жасаған кез келген шетелдіктің «тез арада депортацияланатынын» айтты.