30 маусымнан бастап Ресей шетелдіктердің елге кіруіне байланысты жаңа қағидаларын енгізеді.
ERNUR.KZ. Содан соң Орталық Азия елдерінің тұрғындары кем дегенде 72 сағат, яғни, 3 күн бұрын жоспарланып отырған сапары туралы ресейлік билік органдарын хабардар етуі шарт. Онсыз шекарадан әрі өткізбейді, деп жазады inbusiness.kz.
Құлақтандыруды "Госуслуги RuID" аталатын арнайы қосымша арқылы жасау қажет. Оны App Store не Google Play Store және басқа да қосымшалар дүкендерінен жүктеп ала алмайсыз. Онысы маусым айының соңына қарай немесе одан кешірек дайын болуы мүмкін.
Мәскеудің жаңа қағидалары Қазақстан, Әзербайжан, Армения, Қырғызстан, Тәжікстан, Өзбекстан және басқа Ресеймен визасыз режим туралы бұрыннан келісімі бар елдердің азаматтарына қатысты.
Шекарадан өту кезінде ресейлік шекарашылар міндетті түрде талап ететін QR-кодты алу үшін қазақстандықтардан ресейлік "Госуслуги RuID" қосымшасын жүктеп алып, онда жеке кабинетін құру талап етіледі.
Қосымшада ол анкета толтырады, онда Ресейге не мақсатпен келе жатқанын, сондай-ақ РФ құзырлы органдарын қызықтыратын өзге де мәліметтерін көрсетеді. Сондай-ақ, фотосуретін жүктейді және көрші елде неше күнге қалуды жоспарлап отырғанын мәлімдейді.
Егер бәрі дұрыс болса, онда жүйе оған QR-код жасап береді, міне, соны Ресей аумағына өту кезінде көрсету қажет болады.
Ресейлік құқық қорғаушылар қазақстандықтарға оны суретке түсіріп алуға кеңес береді. Өйткені шекаралық өтпелерде интернет ұстамауы мүмкін, Салдарынан, РФ-қа бет алған Қазақстан азаматы көршінің "Госуслуги RuID-іне" кіре алмай, босқа тер болуы мүмкін.
Енді Ресейге QR-кодсыз қандай адамдар ғана кіре алады:
- РФ аумағына кіру үшін онсыз да виза алатын мемлекеттердің азаматтарынан,
- Дипломатиялық қызметкерлерден және олардың отбасы мүшелерінен,
- 6 жасқа дейінгі балалардан,
- РФ-те тұруға ықтиярхаты бар қазақстандықтардан,
- Беларусь азаматтарынан (бұл ел Ресеймен бірге "Одақтас мемлекет" құрды) алдын ала QR-код алу талап етілмейді.
Басқа барлық шетелдіктерге 2025 жылғы 30 маусымнан кейін ертерек толтырып жіберілген анкетасыз және QR-кодсыз Ресейге кіруге тыйым салынады.
"Газеты.Ru" дерегінше, тіпті QR-кодқа қол жеткізу де Қазақстан азаматының РФ аумағына өте алатынын 100% кепілдендірмейді. Себебі, ақырғы шешімді шекара өтпесіндегі шекара қызметкері қабылдайтын болады.
Сарапшылар былтырдан бері Ресей өзіне шетелдіктердің келу ережелерін тоқтаусыз күрделендіріп, қатайтып жатқанына назар аудартады.
Қазақстанның Ресейдегі елшілігінің консулдық бөлімінің мәліметінше, қазақстандықтардың Ресейде уақытша болуына рұқсат етілген мерзім азайған.
"2024 жылғы 8 тамызда қабылданған федералдық заңға сәйкес, 2025 жылғы 1 қаңтардан бастап, РФ-ға енетін шетел азаматтарының уақытша болу мерзіміне өзгерістер енгізілді. Салдарынан, қазақстандықтардың Ресей территориясында болу уақыты бір күнтізбелік жыл ішінде жалпы алғанда 90 тәулікке дейін қысқартылды. Бұған дейін Ресейде 180 күн (шамамен жарты жыл) ішінде 90 күнге дейін тұруға болатын", – деп хабарлады консулдық бөлім.
Сондай-ақ, биылғы 30 маусымнан бастап, Ресей өзінің барлық шекаралық өтпелерінде қазақстандықтардың биометриялық деректерін – фотосы мен саусақ таңбаларын жинайды.
"Бұдан былай қазақстандықтар Ресейге кіргенде биометриялық деректерін тапсыруға міндетті. РФ Үкіметінің 2024 жылғы 7 қарашадағы №1510 қаулысына сәйкес, Ресей елге кірген және одан шыққан Қазақстан азаматтарының және өзге шетелдіктердің биометриялық деректерін жинау бойынша сынақ өткізуде. 2024 жылғы 1 желтоқсаннан 2025 жылғы 30 маусым аралығында Мәскеудің халықаралық әуежайларына келген, сондай-ақ іргедегі Орынбор облысының Маштаково автокөлік өтпесінен өткен Қазақстан азаматтары өз биометриялық деректерін тапсыруға міндеттелді", – деп түсіндірді консулдық өкілдері.
Келесі кезеңде, 2025 жылғы 30 маусымнан бастап бұл сынақ Ресей шекарасындағы барлық өткізу пункттеріне таратылады.
Консулдықтың дерегінше, осыдан кейін Ресейге баратын әрбір Қазақстан азаматының атына "цифрлық профиль" түзілетін болады.
Бұл профильді азамат ресейлік RuID қосымшасында өзі құруға тиіс. Бұл қосымша ресейлік "Госуслуги" порталының Қазақстан азаматтарына арналған баламасына айналады.
Қазақстандықтың аталған цифрлық профилі "Госуслуги" және басқа да ресейлік мемлекеттік жүйелерге интеграцияланып, кіріктіріледі.
Қазақстан елшілігі "шекараны кесіп өту бекеттерінде қосымша процедураларға дайын болуға" кеңес берді.
Осыған орай РФ-тағы ҚР елшілігі қазақстандықтарға шекараға аттанбас бұрын ресейлік Ішкі істер министрлігінің арнайы онлайн-сервисінен өзінің кіруіне тыйым салынған-салынбағанын алдын ала біліп алуды ұсынды.
Дегенмен, ҚР елшілігі РФ ІІМ-і тарапынан тыйымның жоқтығы қазақстандықтың еш қиындықсыз Ресейге кіре алатынын білдірмейтінін ескертті. Себебі, Федералдық қауіпсіздік қызметі, Қорғаныс министрлігі, Сыртқы істер министрлігі, Федералды кеден қызметі, Росфинмониторинг, Роспотребнадзор және басқа федералдық органдар Қазақстан азаматының кіруіне тыйым туралы шешім қабылдай алатын көрінеді.
"Ресей ІІМ желісі бойынша РФ-қа кіруге тыйымның жоқтығы басқа федералды атқарушы органдар (ФҚҚ, ҚМ, СІМ, ФКҚ, Сыртқы барлау қызметі, Федералды жазаны орындау қызметі, Росфинмониторинг, Роспотребнадзор, Федералды медициналық-биологиялық агенттік) тарапынан шығарылған шешімдерге байланысты қосымша тыйымның болуын жоққа шығармайды. Бұдан бөлек, мемлекеттік шекарадағы өткізу пункттерінде тексеру шаралары кезінде де Ресейге кіруге тыйым салынуы мүмкін. Осыған байланысты, Ресейде айналымға тыйым салынған гармала немесе адыраспан өсімдіктерін алып өту талаптары жиілегенін еске саламыз", – деді қазақстандық елшілік.
Елшілік адыраспанды және басқасын Ресейге апару үшін қылмыстық жауапкершілік қарастырылғанын еске салды.
РФ қылмыстық кодексінің 229.1-бабына сәйкес, құрамында есірткісі бар аталған өсімдіктермен ұсталған адам 1-ден 3 жылға дейін сотталуы, егер ірі партиясымен қолға түссе, 8 жылға дейін бас бостандығынан айрылуы мүмкін.