Көрші ел 26 қабатты тұрғын үйді небәрі 5 күнде салып шықты

0
83

Қытай тағы да құрылыс саласындағы ерекше технологиясымен әлем назарын өзіне аударып отыр.


Көрші ел 26 қабатты тұрғын үйді небәрі 5 күнде салып шықты

Фото: indiandefencereview.com

ERNUR.KZ. Елдің Хунань провинциясында Jingdu Holon Building деп аталатын ерекше ғимарат модульдік технология арқылы құрастырылған, деп жазады inbusiness.kz.

Жобаны жүзеге асырған BROAD Group компаниясының мәліметінше, ғимараттың жалпы аумағы шамамен 14 мың шаршы метрді құрайды. Онда 200-ден аса адам тұруға арналған пәтерлер қарастырылған.

Құрылыс алаңына алдын ала зауытта дайындалған арнайы модульдер жеткізілген. Әр блоктың ұзындығы – шамамен 12 метр. Жұмысшылар оларды крандардың көмегімен бірінің үстіне бірін орналастырып, болттармен бекіткен. Ең қызығы, құрылыс барысында бетон құю немесе дәнекерлеу жұмыстары жүргізілмеген.

Компания бұл технологияны "Holon Building" деп атайды. Ғимараттың барлық инженерлік жүйесі, яғни электр желісі, су құбыры, желдету және салқындату жүйелері алдын ала модульдердің ішіне орнатылған. Сондықтан, құрылыс аяқталған сәтте пәтерлер бірден пайдалануға дайын болған.

BROAD Group өкілдерінің сөзінше, зауыттағы автоматтандырылған өндіріс желісі әр 21 минут сайын бір модуль шығара алады. Осындай тәсіл құрылыс уақытын бірнеше есе қысқартып, шығынды азайтуға мүмкіндік береді.

Сарапшылар модульдік құрылыс технологиясы алдағы жылдары әлемдегі тұрғын үй тапшылығын шешудің негізгі құралдарының біріне айналуы мүмкін. Десе де, сала мамандары мұндай ғимараттардың ұзақ мерзімді сапасы мен қауіпсіздігі уақыт өте келе ғана толық дәлелденетінін ескертеді.