Қырғызстанның бұрынғы президентінің ұлы сотталып кетті

0
215

Сот процесі жабық режимде өткен.


Қырғызстанның бұрынғы президентінің ұлы сотталып кетті

Фото: smartnews.kz

ERNUR.KZ. Бішкектің Бірінші мамыр аудандық соты жаппай тәртіпсіздік ұйымдастырмақ болды деп айыпталған экс-президент Алмазбек Атамбаевтың ұлы мен "Социал-демократтар" партиясының мүшелеріне қатысты үкім шығарды, деп жазады inbusiness.kz.

Сот үкімі бойынша бұрынғы президенттің ұлы Қадырбек Атамбаев мүлкі тәркіленіп, 4 жылға бас бостандығынан айырылды.

Темірлан Сұлтанбеков кінәлі деп танылып, мүлкі тәркілене отырып, 4 жылға бас бостандығынан айырылды. Сайлаушылардың дауысын сатып алу туралы 2025 жылғы үкім бойынша өтелмеген мерзімі есепке алынып, жиынтық түрінде 7 жыл тағайындалды. Эрмек Эрматов айыпталушы деп танылып, 2 жылға сотталды. Пробация қолданыла отырып, жазасын бас бостандығынан айыру орындарында өтеуден босатылды. Ал Кубанычбек Кадыров ақталды. Жениш Абдрахманов мүлкі тәркіленіп, 8 жылға бас бостандығынан айырылса, Серікбай Кубаланбек уулу Қазақстанға депортацияланып, жазадан босатылды.

24.kg жазуынша, 2025 жылдың қараша айының соңында жаппай тәртіпсіздіктерді ұйымдастыруға дайындық ісі бойынша Қадырбек Атамбаев, Темірлан Сұлтанбеков, Эрмек Эрматов, Жогорку Кенештің бұрынғы депутаттары Кубанычбек Кадыров пен Шайлообек Атазов, кәсіпкер Урмат Барыктабасов, Алмазбек Атамбаевтың бұрынғы оққағары Дамир Мусакеев және басқа да тұлғалар ұсталған болатын. Ішкі істер министрлігі жалпы 10 адамның ұсталғанын хабарлаған. Тергеу нұсқасына сәйкес, олар депутаттардың мерзімінен бұрын өтетін сайлауынан кейін жаппай наразылық акцияларын ұйымдастыруды жоспарлаған.

14 шілде күні Бірінші мамыр аудандық сотында бұл іс қарала бастады. Сот процесі жабық режимде өтті. Шілде айында Шайлообек Атазовқа, Урмат Барыктабасовқа және Дамир Мусакеевке қатысты материалдар жеке өндіріске бөлініп шығарылды.