Қытайдың солтүстік-шығысында су тасқынынан 14 адам қаза тапты

0
479

1 тамыздан бастап Тяньцзинь қаласы мен оның айналасы «Доксури» супертайфуны әкелген қатты жаңбырдан зардап шекті.


Қытайдың солтүстік-шығысында су тасқынынан 14 адам қаза тапты

ERNUR.KZ. Қытайдың солтүстік-шығысындағы Цзилинь провинциясының Шулань қаласында «Доксури» тайфуны әкелген нөсер жауын мен су тасқыны салдарынан 14 адам қаза тапты, бір адам із-түзсіз жоғалды, деп жазады ҚазАқпарат.

1 тамыздан бастап Тяньцзинь қаласы мен оның айналасы «Доксури» супертайфуны әкелген қатты жаңбырдан зардап шекті. Жексенбі күні муниципалдық билік Хайхе өзенінің бассейнінде ең жоғары «қызыл» деңгейді жариялады, онда 1963 жылдан бергі ең ауыр су тасқыны болды.

Орталық билік Қытайда су тасқынынан зардап шеккен аймақтарға барлығы 520 млн юань (шамамен 72 млн доллар) бөлді. Сақтандыру компаниялары елдің су тасқынынан зардап шеккен 16 аймағында өтемақы төлеуді жеделдетті. Қазіргі уақытта 264 млн юань (шамамен 36 млн доллар) төленді. Өтемақы талаптарының жалпы сомасы - 6,24 млрд юань, бұл - шамамен 8 866 млн доллар.

Айта кетсек, 25 шілдеде Оңтүстік Қытайдың Гуандун провинциясының су тасқыны мен құрғақшылықпен күрес штабы «Доксури» тайфуны жақындап қалғанына байланысты қауіпсіздік шараларын күшейткен еді.

27 шілде сағат 6:00-дегі жағдай бойынша, тайфунның Тайвань аралының оңтүстік шетінен 220 шақырымдай жерде болып, солтүстік-батысқа қарай 10-15 км/сағ жылдамдықпен жылжып келе жатқаны хабарланды.

Қытайдың Фуцзянь провинциясының 700 мыңнан астам тұрғыны «Доксури» тайфунынан зардап шекті. Кейін зардап шеккендер саны 880 мыңнан асты.

Ал, 1 тамыздағы жағдай бойынша Бейжіңде «Доксури» супер тайфуны әкелген нөсер жаңбыр мен су тасқынынан 11 адам қаза тауып, 27 адам із-түзсіз жоғалған.

ҚХР қаржы және төтенше жағдайларды басқару министрліктері бірлесіп, Бейжің-Тяньцзинь-Хэбэй аймағындағы су тасқынына қарсы іс-шараларға және табиғи апат салдарын жоюға 110 млн юань (шамамен 15,43 млн АҚШ доллары) бөлді.

Сондай-ақ, ҚХР-дың су тасқыны мен құрғақшылыққа қарсы мемлекеттік штабы «Ханун» тайфунының жақындауына байланысты 4-деңгейдегі жедел әрекет ету режимін іске қосты.

Қытайдың солтүстігіндегі Хэбэй провинциясында кейінгі бірнеше күнде толассыз жауған жаңбыр салдарынан 1,2 миллионнан астам адам эвакуацияланды.