https://stan.kz/kitaylik-milliarder-surrogat-analar-arkili-100-balanin-427870/
Фото: Vesti.ru
ERNUR.KZ. Қытайда бейнеойындар индустриясындағы кәсіпкер Сюй Бо 100-ден астам баланың әкесі атанған. Ол суррогат аналар арқылы дүниеге келген балалар саны бойынша әкелердің көш басында тұр, деп жазады stan.kz.
Қытайда суррогат аналыққа тыйым салынған. Ал ауқатты қытайлықтар сол себептен шетелге барып, сол жақта бала сүюді таңдайды. Дәстүрлі жолмен отбасын құрғысы келмейтін ықпалды кәсіпкерлер көбіне мұрагер ұлдарды дүниеге әкелуге немесе керісінше, болашақта ауқатты ер адамдарға тұрмысқа беру үшін қыз балаларды таңдауға басымдық береді.
Осындай қызметтерге сұраныстың жоғары болуына байланысты суррогат аналық агенттіктері, заңгерлер, клиникалар, күтушілер, тіпті балаларды "жеткізу" қызметтерін қамтитын тұтас бір индустрия қалыптасқан. Клиенттер өздерінің генетикалық материалын жіберіп, нәтижесінде баланы дайын күйінде ала алады. WSJ мәліметінше, мұндай қызметтің құны бір бала үшін 200 мың АҚШ долларына (шамамен 104 миллион теңге) дейін жетуі мүмкін.
Бұрын қытайлықтар осы тәсіл арқылы "бір отбасы – бір бала" мемлекеттік саясатын айналып өткен. Себебі шетелде туған балалар шетел азаматтары ретінде тіркеліп, шектеулерге ілікпеген. 2015 жылы бұл саясат жойылғанымен, 14 баланың әкесі, кәсіпкер Илон Масктың пронатализмді (туылымды арттыруға және демографиялық мәселелерді шешуге бағытталған саясат) қолдауы кейбір кәсіпкерлерге әсер етіп, оны үлгі еткен.
Қытайлық миллиардер, бейнеойындар жасаушы Сюй Бо туу көрсеткіші бойынша рекорд орнатты. Оның компаниясы әлеуметтік желілерде Сюй Боның АҚШ-та суррогат аналық арқылы дүниеге келген 100-ден астам ұл-қыздың әкесі екенін мәлімдеген. Ол өзін "Қытайдың бірінші әкесі" деп атайды және елде феминизмнің ашық сыншысы ретінде танымал.
Сондай-ақ, білім беру саласындағы тағы бір бай қытайлық кәсіпкер – Ван Хуэйву америкалық модельдер мен басқа да әйелдерді жұмыртқа доноры ретінде жалдап, болашақта ықпалды ер адамдарға тұрмысқа беру мақсатында 10 қыз баланы дүниеге әкелгені айтылған.
Хуэйвудың білім беру саласындағы аты аталмаған бәсекелесі бір мезетте 200 бала дүниеге әкеліп, отбасылық корпорация құруды жоспарлаған. Алайда суррогат аналық агенттіктері оған қызмет көрсетуден бас тартқан. Ол балаларды қалай тәрбиелемек болғанын нақты түсіндіре алмаған. Тағы бір жағдайда Қытайдан шыққан әйел бірнеше агенттік арқылы бала "тапсырыс беруге" қол жеткізген.
Сонымен қатар WSJ мәліметінше, суррогат аналық агенттіктері көбіне бір-екі баладан артық алғысы келетін клиенттерге "біз супермаркет емеспіз" деген уәжбен қызмет көрсетуден бас тартады.


