Фото: people.com.cn
АСТАНА. KAZINFORM - Қытайдың Юньнань өлкесі Ничжухэ елді мекеніндегі оқушылар мектепке «аспандағы автобуспен» баратын болды. Бұл туралы «Халық Газеті» басылымы хабарлады.
— Ничжухэ елді мекені шатқалдың түбінде орналасқан. Бұрын жергілікті балалар мектепке бару үшін жартастарға шығып, тау асып, тас басуға мәжбүр болатын еді. Шатқал бойымен үш-төрт сағат жол басып, биіктігі 550 метр болатын тау жолы арқылы жаяу жүріп, таудың басындағы Гуаньчжай бастауыш мектебіне баратын, - деп жазады дереккөз.
2022 жылдан бастап, Ничжу өзенінің үлкен шатқалы мәдени туризм аймағы жобасына кіріп, 268 метрлік лифт пен 200 метрге жуық биіктіктегі аспалы жол пайдалануға берілген.
Жақын маңдағы ауылдардың тұрғындары бұл инфрақұрылымды тегін пайдалана алады. Шатқалдағы көркем аймақ салынып болғаннан кейін балалар мектепке лифтпен және аспалы жолмен жарты сағаттан аз уақыт ішінде жетіп баратын болды.