Криокосметиканың қандай пайдасы бар? Кімдерге қолдануға болмайды?
Сурет: ЖИ
Соңғы уақыттары сұлулық әлемінде теріге салқындық сезімін беретін күтім құралдары танымалдылыққа ие болуда. Өндірушілер мен жарнама жасаушылардың уәдесі шындық па әлде құр айқай ма – анықтап көрейік.
Криокосметика деп аталатын мұндай өнімдердің құрамында салқындатқыш әсері бар компоненттер болады. Олардың негізгі мақсаты — теріні сергіту, бетке балғындық беру және кей жағдайда ісіну мен қызаруды уақытша азайту.
Бірақ бұл косметика тоңазытқыштан жаңа алынған заттай мұздай болады деген сөз емес. Кейбір компоненттер терідегі температураны сезетін рецепторларға әсер етеді. Соның нәтижесінде салқындық сезімі пайда болады.
Салқындатқыш әсері бар косметиканың түрі көп. Олардың қатарына көз айналасына арналған патчтар, мата және гель маскалар, тониктер, лосьондар, сарысулар мен бетке арналған мистер жатады. Кей құралдар теріні тез сергітуге арналса, енді біреулері салқындату әсерін ылғалдандыру және тыныштандыру қасиеттерімен үйлестіреді.
Криокосметиканы қолданғаннан кейін тері демалғандай, балғын көрінуі мүмкін. Ісіну де азырақ байқалады. Бірақ бұл құрал ісінудің себебін жояды немесе зақымданған коллаген талшықтарын қалпына келтіреді дегенді білдірмейді.
Криокосметика құрамына салқындатқыш компонент ретінде қосылатын негізгі синтетикалық зат – метилдиизопропилпропионамид (MDP) деп аталады. Косметикалық ингредиенттердің халықаралық атаулар тізімінде Methyl Diisopropyl Propionamide деп көрсетіледі. Ол терідегі суыққа сезімтал рецепторларды белсендіру арқылы әсер етеді. Сондықтан құрамында MDP бар құралды жаққаннан кейін тері салқындағандай сезілуі мүмкін. Бірақ әсердің қаншалықты байқалатыны заттың концентрациясына, өнімнің құрамына және адамның жеке сезімталдығына байланысты.
Кімдерге қолдануға болмайды?
Салқындатқыш әсері бар құралдар барлық теріге бірдей жарамайды. Кей жағдайларда олар зиян тигізуі мүмкін:
- Розацеа және купероз. Температураның күрт әсері (әсіресе ментол мен спирті бар құралдар) қан тамырларын тарылтып, кейін кеңейтеді, соның салдарынан қызару күшеюі мүмкін.
- Терінің қорғаныш барьері зақымданғанда. Қатты құрғаған, қабыршақтанған, күнге күйген немесе пилингтен кейінгі теріге жағуға болмайды.
- Дерматит, экзема және ашық жаралар. Зақымданған немесе қабынған теріде тітіркену мен жағымсыз реакция тудыруы ықтимал.
Қандай жағдайда қолданған тиімді?
Криокосметика күнделікті өмірде тез сергіп, беттің сыртқы көрінісін уақытша жақсарту қажет болғанда қолданылады. Айталық, таңғы ісінумен күресте кәдеге жарайды. Ұйқы қанбағанда немесе тұзды тағам жегеннен кейінгі таңғы ісінуді басу үшін экспресс-күтім ретінде қолдануға болады. Жаздың ыстығында, ұзақ жолда немесе ұшақта тері қызып, құрғағанда пайдаланса, балғындық береді. Спорттық жаттығудан соң беттің қызуы мен қызаруын басады.
Криокосметиканы қалай қолдану керек?
Салқындатқыш әсері бар құралдарды олардың нұсқаулығына сәйкес қолданған жөн.
- Мистті қаптамада көрсетілгендей шашыратыңыз. Көзге түсуіне жол бермеңіз.
- Патчтар мен маскаларды теріде нұсқаулықта көрсетілген уақытқа қалдырыңыз.
- Тониктер мен сарысуларды басқа күтім құралдарымен үйлесімділігін ескере отырып, әдеттегі күтім тәртібіне қосыңыз.
- Әсері күштірек болсын деп косметиканы шамадан тыс жағудың қажеті жоқ. Салқындықтың қатты сезілуі өнімнің теріге пайдасы көп екенін білдірмейді. Керісінше, ұсынылған мөлшерден артық қолдану терінің тітіркену қаупін арттыруы мүмкін.
- Салқындатқыш әсері бар косметика беттегі ісінуді уақытша азайтып, терінің солғын көрінісін жақсартуға көмектесуі мүмкін. Бірақ белгілерге қандай да бір ауру себеп болса, косметика оның өзін емдей алмайды.
- Косметиканы тоңазытқышта қосымша салқындату тек өндіруші бұған рұқсат берген жағдайда ғана ұсынылады.
- Терісі сезімтал адамдар жаңа өнімді алдымен терінің кішкентай бөлігіне жағып, әсерін тексергені дұрыс. Егер қолданғаннан кейін қатты ашыту, қышу немесе ұзақ уақыт басылмайтын қызару пайда болса, өнімді пайдалануды тоқтату керек.
- Әсіресе құрамында бірнеше салқындатқыш компонент, хош иістендіргіш және басқа да теріні тітіркендіруі мүмкін заттар бар құралдарға мұқият болған жөн.
- Косметикалық күтім ұзақ уақыт бойы сақталатын ісіну мен қызарудың себебін анықтауды алмастырмайды.
- Егер бетіңіз үнемі ісініп жүрсе, ісіну ұзақ уақыт басылмаса немесе ауырсынумен қатар жүрсе, дәрігерге қаралуды кейінге қалдырмаңыз.
Дайындаған: Х. ОРАЛ,
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ:
Үйдегі ЖЫЛУ БАТАРЕЯЛАРЫ сіздің СҰЛУЛЫҒЫҢЫЗҒА қарсы әсер етеді


