Марста судың бірнеше рет болғанын дәлелдейтін белгілер табылды – NASA

0
78

NASA-ның Perseverance марсоходы Марстағы Езеро кратеріндегі тау жыныстарының сумен кемінде үш рет әрекеттескенін көрсететін дәлелдер тапты.


Марста судың бірнеше рет болғанын дәлелдейтін белгілер табылды – NASA
Фото: BoliviaInteligente / Unsplash

ERNUR.KZ. Бұл Қызыл ғаламшардың сулы өткені туралы жаңа мәліметтер береді, деп жазады inform.kz.

Зерттеу нәтижелері ежелгі көлдің жағалауымен шектесетін Езеро кратерінің ішкі жиегіндегі «Margin Unit» деп аталатын геологиялық аймақтан алынған. Ғалымдар бұл жерден шөгінді тау жыныстарын табамыз деп күткен. Алайда Perseverance оның орнына сумен бірнеше рет әрекеттесудің іздері сақталған магмалық тау жыныстарын анықтады.

Зерттеу нәтижелері дүйсенбі күні Communications Earth & Environment журналында жарияланды. Ғалымдар SuperCam құралының көмегімен «Margin Unit» аумағындағы тау жыныстарының 185-тен астам учаскесін зерттеп, олардың химиялық құрамы мен минералогиялық ерекшеліктерін анықтаған.

Сумен байланысты алғашқы үдеріс көмірқышқыл газына бай жерасты суының оливинмен әрекеттесуі кезінде болған. Соның нәтижесінде тау жыныстарының жарықтары арқылы карбонат қабаттары пайда болған.

Екінші үдеріс бір кездері Езеро кратерін алып жатқан ежелгі көлмен байланысты болуы мүмкін.

Ал кейінгі кезеңде құрамында кальций сульфаты мен флюорит бар минералды тамырлар қалыптасқан. Флюорит бұл тұрғыда маңызды белгі саналады, өйткені ол әдетте жанартаулық тау жыныстары арқылы ыстық су айналған кезде түзіледі. Бұл кейінірек жерасты суларының қызған күйде қозғалғанын көрсетеді.

Ғалымдар бұл жаңалықтың маңызы зор екенін атап өтті. Езеро кратері Марстағы карбонат жыныстарының ең ірі таралған аумақтарының бірінде орналасқан. Карбонат пен кремний минералдары ежелгі қоршаған орта жағдайлары туралы ақпаратты сақтай алады. Сондықтан олар Марста ежелгі микробтық тіршіліктің белгілерін іздейтін ғалымдар үшін ерекше қызығушылық тудырады.

Зерттеушілер сумен байланысты үдерістердің қандай ретпен болғанын анықтай алғанымен, олардың нақты қашан болғанын әзірге айта алмай отыр.

Perseverance марсоходының негізгі міндеттерінің бірі – Марстың геологиясы мен ежелгі климатын зерттеу, ежелгі микробтық тіршіліктің белгілерін іздеу, сондай-ақ Марс бетіндегі тау жыныстары мен реголит үлгілерін жинап, сақтау.

Айта кетейік, бұған дейін NASA-ның Lunar Reconnaissance Orbiter аппараты 2024 жылғы 11 сәуір мен 22 мамыр аралығында Айда болған сирек соқтығысудан Күн жүйесінде жаңадан пайда болған ең ірі кратердің қалыптасқанын анықтаған еді.