Юсуфзода — "Крокус Сити Холл" концерт залына шабуыл ісі бойынша ұсталған оныншы күдікті.
ERNUR.KZ. Мәскеудің Басман аудандық соты "Крокус Сити Холл" концерт залына шабуыл ісі бойынша ұсталған тағы бір адамды қамауға алды, деп жазады inbusiness.kz.
Тергеу мәліметінше, 25 жастағы Якубджони Юсуфзода шабуыл жасағандардың біріне банк картасынан ақша аударған, терактіден кейін де картасынан ақша жіберген. Юсуфзода кемі 22 мамырға дейін қамауда болады.
"РИА Новости" агенттігінің мәліметінше, Юсуфзода 25 наурызда құжаттарын тексеру кезінде ұсталған, алайда ол полицияға бағынбағаны үшін 12 күн әкімшілік қамауға алынған. Енді оған теракт туралы бап бойынша айып тағылды. Сот күдіктіні тұтқындауды сұраған Ресей тергеу комитетінің өтінішін орындады.
Сот отырысы жабық өтті. "РЕН ТВ" арнасының хабарлауынша, күдікті Тәжікстанда дүниеге келген, әйелі мен үш баласы бар және Ресейде құрылысшы болып жұмыс істеген.