Одан бөлек тәртіп сақшылары үлкен спортты пайдаланып олжалы болғысы келген алаяқтарды да қолға түсірді.
ERNUR.KZ. Бразилияда ірі қылмыстық топ қолға түсті, деп хабарлайды ERNUR.KZ 24.kz арнасына сілтеме жасап.
Атап айтсақ, есірткі саудасымен айналысып келген күдіктілер бір тоннаға жуық кокаинды сатпақшы болған. Полиция назарынан сытылып кетуді көздеген қарақшылар әр қаптың сыртына танымал бразилиялық футболшы Неймардың суретін жабыстырған. Одан бөлек Рио-де-Жанейро мен Бразилиа қалаларында танымал футболшылармен кездесу ұйымдастырамыз деп қарапайым халықтың қалтасын қағып келген алаяқтар ұсталды.
Сондай-ақ, Бразилиялықтар үшін футболдың орны ерекше. Әлем чемпионаты кезінде жанкүйерлер әрбір ойынды теледидардан тапжылмай тамашалады. Дегенмен мундиаль аяқтала салысымен, оған қатысты даулар анықтала бастаған болатын. Жақында ғана полиция қызметкерлері Тынық мұхитынан кокаин тасымалдап бара жатқан суасты қайықтарын ұстаған еді. Тәркіленген бір тоннаға жуық есірткінің әрбір қабына танымал бразилиялық футболшы Неймардың суреті жабыстырылған.
Осы мәселеге байланысты: «Бұл жүк тасымалын Бразилия-Колумбияның қылмыстық тобы ұйымдастырғаны белгілі болды. Неймардың фотосуретін әзіл үшін қойса керек. Бірақ, менің ойымша, бұл маркетинг үшін жасалған. Себебі бүгінде Неймар – танымал футбол жұлдызы», - дейді Бразилия есірткі бақылау полициясының қызметкері Сильби Кошта.
Одан бөлек тәртіп сақшылары үлкен спортты пайдаланып олжалы болғысы келген алаяқтарды да қолға түсірді. Әккі саудагерлер интернет арқылы танымал футболшылардың қолтаңбасы қойылған жейделерді сатылымға шығарған. Тіпті футболдан әлем чемпионатының кубогын 15 мың долларға жалға беру туралы ұсыныс та бар. «Сондай-ақ олар 10 мың долларға кез келген футбол жұлдызымен 3 сағаттық кездесу ұймдастырамыз» деп жалған хабар таратқан. Олардың тізімінде Неймар, Роналду, Гризманн және Артем Дзюба да бар. Алаяқтар жанкүйерлерден бұл қызметтің төлемін алдын ала 100 пайыз өтеуін талап еткен.
Алаяқтар тобынан зардап шегуші Адриано Крилье: «Баламның туған күніне еліміздің бас бапкері Титенің қолтаңбасы қойылған допты сатып алдым. Олардың шотына 270 долларды аудардым. Тауар үш күннің ішінде келеді деп уәде берді. Міне, бір апта өтті, тапсырысым әлі келмеді. Естуімше, Неймардың жейдесін алу үшін мың доллар салғандар да бар екен. Ал Рионың бір тұрғыны кубокты жалға алмақ болып алаяқтардың шотына 20 мың доллар салған», - дейді.
Сонымен қатар, тағы бір қылмыстық топ бразилиялық футбол құрамасының ойыншылары Мариано, Паулиньо және Диего Соузаның үйлерін тонамақ болған. Полиция қызметкерлері бір топ қарақшыны қолға түсірді. Тұтқындалғандардың айтуынша, олар осы әрекеті арқылы сүйікті командаларын әлем чемпионатында жеңіліп қалғаны үшін жазаламақ болған. Ал қолды қылған заттар мен ақшаларын кедей-кепшікке таратып беруді жоспарлаған.