Непалдағы су тасқыны құрбандарының саны 359-ға жетті

0
85

1400 адам із-түзсіз жоғалған.


Непалдағы су тасқыны құрбандарының саны 359-ға жетті

Фото: Reuters

ERNUR.KZ. Непалдағы жойқын су тасқынынан қаза болғандар саны 359 адамға жетті. Іздеу-құтқару жұмыстары жалғасып жатыр, жүздеген адам, оның ішінде шетелдік туристер мен қажылар әлі де хабар-ошарсыз кеткен, деп жазады inform.kz.

Апат 26 тамызда Непал мен Қытай шекарасындағы Гималай аймағында мұздықтың опырылуынан кейін болған. Су, мұз, лай мен тас араласқан жойқын ағын аңғарлар мен елді мекендерді басып өтіп, үйлерді, жолдар мен көпірлерді және басқа да инфрақұрылым нысандарын қиратып кеткен.

Соңғы мәлімет бойынша, Непалда кемінде 359 адам қаза тапқан. Тибетте тағы үш адам көз жұмды. Непал мен Қытайда 1,4 мыңнан астам адам із-түзсіз жоғалғандар қатарында. Олардың арасында ондаған елден келген туристер мен қажылар бар.

Көптеген шетелдік азаматтар Непал арқылы Тибеттегі индуизм мен буддизм діндерін ұстанушылар үшін қасиетті орындардың бірі саналатын Кайлаш тауына бет алған. Су тасқыны шекарадағы Гиронг өткізу пункті орналасқан аумаққа да зиян келтірді.

Құтқару қызметтері хабар-ошарсыз кеткендерді іздеп жатыр. Қираған жолдар мен көпірлер, сондай-ақ таулы жердің қолжетімсіз болуы жұмыстарды қиындатып отыр. Адамдарды эвакуациялау және гуманитарлық көмек жеткізу үшін тікұшақтар тартылған.

Бастапқыда табиғи апатқа жер сілкінісі себеп болуы мүмкін деген болжам айтылған. Алайда АҚШ Геологиялық қызметі тіркелген сейсмикалық сигнал жер сілкінісінен емес, мұздықтың опырылуы мен одан кейінгі лай көшкінінен туындаған деген қорытындыға келген.

Бұған дейін Kazinform Непалдағы жойқын су тасқынына Лхендэ өзенінің арнасын уақытша бөгеп қалған мұздық пен тау жыныстарының опырылуы себеп болуы мүмкін екенін хабарлаған еді. Табиғи бөгет бұзылғаннан кейін қуатты су ағыны өзеннің төменгі ағысына қарай ұмтылған.