Он жасар қыз IQ тестілеуден Эйнштейннің көрсеткішін басып озды (фото)

0
862

Жасөспірім қыздың тестілеу нәтижесі Альберт Энштейн мен Стивен Хокингтің көрсеткіштерінен 2 ұпайға жоғары болған.


Он жасар қыз IQ тестілеуден Эйнштейннің көрсеткішін басып озды (фото)

ERNUR.KZ. Англияның Уэст-Мидлендс графтығы Бирмингем қаласында он жасар қыз IQ тестілеуден ең жоғары балл жинап, ұлы ғалымдардың көрсеткіштерін артта қалдырды, деп жазады kaz.nur.kz.

Әлемге әйгілі "Менса" ұйымы IQ көрсеткіштері жоғары адамдарға арнап тест ұсынады. 10 жасар Фрейя Манготра қазан айында аталған ұйымның кәмелетке толмағандарға арналған IQ тестілеуінен өтіп, 162 балл жинаған. Тестілеуде оның ауызша ойлау мен сыни тұрғыда ойлау қабілеттері тексерілді.

Жасөспірім қыздың тестілеу нәтижесі Альберт Энштейн мен Стивен Хокингтің көрсеткіштерінен 2 ұпайға жоғары болған. Аталған екі ғалымның IQ көрсеткіштері 160 балл деп есептеледі.

Осылайша, Фрейя Манготра ресми түрде данышпан деп танылды.

Оның әкесі – психиатр Кулдип Кумар қызының бойында ерекше дарын бар екенін бала кезінде аңғарыпты. Айтуынша, ақпаратты жылдам қабылдайды, кез келген нәрсені бір оқығаннан жаттап алады.

Бұдан бөлек, данышпан қыз – таэквондодан қара белбеу иегері. Театрға барғанды және шахмат ойнауды ұнатады екен. Сондай-ақ жүзуге және биге әуестенеді.

Қазіргі уақытта Фрейя Бирмингемнің Эджбастон ауданындағы мектепте білім алады. Оған VI Эдуард королі атындағы қыздарға арналған мектепке стипендия ұсынылған. Қазір ол оқуға түсу емтиханынан өтіп қойған.