Отандық режиссердің фильмдері АҚШ-та көрсетілді

0
819

Фильмдер Карлайл қаласындағы (Пенсильвания штаты) Dickinson college өнер университетінде өткізілген Берік Жахановтың шығармашылық шеберлік сағаттары барысында көрсетілді.


Отандық режиссердің фильмдері АҚШ-та көрсетілді

ERNUR.KZ. Жас режиссер Берік Жахановтың «Асан» (қысқаметражды) және «Ата кәсіп» (деректі) фильмдері АҚШ-та көрсетілді. Бұл картиналарды ҚР Мәдениет және спорт министрлігі тапсырысы бойынша Ш.Айманов атындағы «Қазақфильм» киностудиясы түсірген, деп хабарлайды «Хабар 24».

Аталған фильмдер Карлайл қаласындағы (Пенсильвания штаты) Dickinson college өнер университетінде өткізілген Берік Жахановтың шығармашылық шеберлік сағаттары барысында көрсетілді.

Айта кетсек, бұл білім ордасы – 1773 жылы негізі қаланған АҚШ-тағы ең көне университеттердің бірі. Кезінде АҚШ тәуелсіздігі декларациясына қол қойған қоғам қайраткері Бенжамин Раш осы университеттің негізін қалаған болатын, деп хабарлайды «Қазақфильм» киностудиясының баспасөз қызметі.

Режиссердің шеберлік сағаттарын доцент, PhD доктор Алиса ДеБлазионың ұйымдастырған.

– Шетелдің студенттері отандық киноны үлкен қызығушылықпен тамашалады. Әсіресе олар «Асан» фильмін ерекше ықыласпен көрді. Әрине, Отанымның алдында үлкен жауапкершілікті сезіндім. Әр көрсетілімнен кейін студенттермен бір сағат көлемінде әңгімелестік. Сонымен қатар оларға «Ата кәсіп» фильмі де ұнады. Оларды өзбек халқының тұрмыс тіршілігі, бесік жасау өнері қатты қызықтырды, – деді Берік Жаханов.

Шеберлік сағаттардан бөлек отандық режиссер Dickinson college студенттеріне өздері жазған сценарийлері бойынша фильм түсіруді, монтаж жасауды үйретті.

«Асан» фильмі әкесін ақтық сапарға шығарып салуға жолға шыққан бозбала туралы баяндайды. Былтыр бұл тунды 71-ші халықаралық Канн кинофестивалінің Short Film Corner аясында (әлемнің қысқаметражды туындыларына арналған) көрсетілген болатын. Сонымен қатар 2018-2019 жылдар аралығында бұл фильм түрлі халықаралық фестивальдерге қатысып, бірнеше жүлделерге ие болған.

Ал «Қазақстанның түркітектес халықтары» циклы бойынша арнайы түсірілген «Ата кәсіп» деректі фильмі көп ұлтты Қазақстанда тұратын түркі этносына арналған. Деректі туынды өзбек ұлты туралы, оның ішінде ата-кәсіп – бесік жасаумен айналысатын Абдуманат Зупаров есімді шебердің өмірін баяндайды.